Ішкі істер министрлігі ұсталғандарды жаппай азаптау, ұрып-соғу болмағанын айтты

Қаңтар оқиғасынан соң ішкі істер министрлігі азаптау туралы жеті істі тергеп жатыр. Әрбір дерек полиция мен қоғамдық ғимараттарда орнатылған бейнекамераларды талдау арқылы мұқият зерттеледі. Осы күндері 20 іс бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлады КТК арнасы.

Азаматтарға күш қолдану фактілеріне баса ден қойдық деген ішкі істер министрлігі жаппай тәртіпсіздіктерден кейін еліміздегі түрмелерге 731 адам жеткізілгенін мәлімдеді. Оның 20-сының жазасы жеңілдетіліп үйқамаққа жіберілген. Тағы 23 адам ауруханада емделіп жатыр.

Құқық қорғау органдарының ақпаратына сәйкес, ұсталғандарға қатысты ұрлау, тонау, қару ұрлау, билік өкіліне қарсы күш қолдану сияқты 819 қылмыстық іс қозғалған. 15-і кісі өлімі бойынша екен. Түрмеге түрлі дене жарақатымен түскендер де жетерлік.

Ішкі істер министрлігі ұсталғандарды жаппай азаптау, ұрып-соғу болмады деп отыр. Қамалғандар дене жарақаттарын тәртіпсіздіктер кезінде алған болуы мүмкін деген болжам айтты.

Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:

— Қаңтар айында болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде полиция мен әскери қызметшілер елде құқықтық тәртіпті орнату бойынша ауқымды операция жүргізді. Тергеу изоляторының ішкі тәртібіне сәйкес, уақытша ұстау изоляторына түскен барлық адамдар Covid-19-ға ПТР-тестінің нәтижесімен қабылданады. Және міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді.