«AMANAT» партиясының халық игілігі үшін атқарып жүрген, жобалап, жоспарлап қойған шаралары ауқымды. Партия ауқымды шараларды жобалап қана қоймайды, халыққа арналған барлық шаруаларға партиялық бақылау да жасайды. Сондай мақсатта «AMANAT» партиясының Қаражал қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының отырысы болып өтті.
Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Зәмзагүл Оспанова және комиссия мүшелері Гауһар Наурызбаева, Нұрбек Құлжанов, Айгүл Мауленина және «Қаражал қалалық әкімдігінің қалалық коммуналдық шаруашылығы» КМК және «Жәйрем-Болашақ» ЖШС басшылары мен мамандары және қалалық мәслихат депутаттары қатысқан отырыстың басты мақсаты — партияның сайлауалды бағдарламасындағы Жол картасы тармақтарының орындалысы мен ҚР Президентінің 2023 жылғы 1 қыркүйекте шыққан Үндеуіне сәйкес Қаражал-Жәйрем өңірі тұрғындарының сумен үздіксіз қамтамасыз етілуі мәселелерін шешу және аталған мекеме басшыларынан есеп алу.
Бірінші кезекте «Қаражал қалалық әкімдігінің қалалық коммуналдық шаруашылығы» КМК басшысының орынбасары Балдай Мусин баяндама жасап, қаланың коммуналдық мәселелеріне толық тоқталды. Баяндамашыға қалалық мәслихат депутаттары мен Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері сұрақ қойып, жауабын тыңдап, бірнеше тапсырма берді. Олар: апаттық жағдай кезінде суды толық қала бойынша тоқтатып тастамас үшін, су құбырларына мөлтек аудандар бойынша жеке-жеке ысырма орнату мәселесі; коммуналдық шаруашылықта жүрген жұмыскерлерді арнайы жұмыс киімдерімен және жабдықтармен қамтамасыз ету; сумен қамтамасыз ету тораптарында туындаған апаттарды уақытылы жоюға және қала тұрғындарын ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етуге арналған іс-шара жоспарын, қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету тарифінің калькуляциясын дайындап, тұтынушыларға ауызсуды есепке алу құрылғысын орнату бойынша жоспар жасап, аймақ халқын сапалы сумен қамтамасыз ету үшін аталған сұрақ бойынша перспективалық даму жоспарын (ұңғымаға тұзсыздандыру қондырғысын орнату, ұңғыма қазу және т.б.) әзірлеп ПБК-сына ұсыну; болашақта Байғұл станциясы жағынан су тарту мәселесі бойынша барлау жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныстар әзірлеп, Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне тапсыру.
«Жәйрем-Болашақ» КМК директорының міндетін атқарушы Асқарәлі Омаровқа Жәйрем кентінде су тұтынуға қойылған есептегіш құрылғысы жоқ үйлерді сумен қамтамасыз ету тарифі бойынша калькуляция жасап, ПБК-сына ұсыну жүктелді.
Ал, жиналысқа онлайн форматында қатысқан «Казводхоз» РКМ-не ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес Қаражал-Жәйрем өңірі тұрғындарын сумен қамтамасыз ету бойынша туындап жүрген мәселелерді шешу жолдары көрсетілген ақпараттарды Қаражал қалалық «AMANAT» партиясының филиалына тапсыру міндеттелді.
Үш мекемеге де тұтынушыларға арнап Е-Шаңырақ платформасын енгізе отырып, тұтынушылардың бірыңғай ақпараттық базасын жасау бойынша ұсыныстар әзірлеп, ұсыну, сонымен қатар, хаттамалық шешіммен берілген тапсырмалардың орындалысы бойынша ақпараттарды 2024 жылдың 10 қаңтарына дейін тапсыру міндеттелді.
Партиялық бақылауды жүйелі түрде жүзеге асыру және халық үшін атқарылатын бар жұмыстың сапасына барынша көңіл бөлу — ол халықтың қамын ойлау.
Халқымыз аман, жұртымыз тыныш, ұйқымыз қанық болсын! Қаражал-Жәйрем халқы қолайлы жағдайда өмір сүріп, жарқын болашаққа деген сенімдері үдей түссін!
Теректі ШАҒАТАЙ.