Халық қалаулылары балалармен бірге

«AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалы жанындағы депутаттық фракция жетекшісі ретінде Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары Марлан Шамбулов, Нұрбек Кульжанов, Данияр Жақсыбеков, Айтуған Охан, Зәмзагүл Оспанова, Айгүл Мауленина, Арынғазы Тәкібаев, Жұмакүл Ахметовамен бірлесе отырып «Бақытты отбасы» партиялық жобасының «Баланы мектепке даярлайық!» атты жалпы республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастырдым. Аталған акция аясында 20 балаға кеңсе тауарлары салынған рюкзактар табыс етілді. Арнайы шақырылған бүлдіршіндер столға жазылып тасталған оқу құралдары мен сөмкелерден өздеріне ұнағандарын таңдап алды.

Акцияның басты мақсаты – көп балалы отбасылардың үздік балаларын 1 қыркүйекке дейін мектепке дайындауға көмектесу.

Кішкентай бүлдіршіндермен әңгімелесіп, оларға зор денсаулық, ашық аспан, бақытты балалық тілеп, жаңа оқу жылында үздік оқушы болуды тапсырдық.

Оқу құралдары толтырылған рюкзактан бөлек, арнайы тапсырмалары бар бояғыштар сыйлап, осы бояғыштарды ең үздік бояған балаға 1 маусым күні арнайы сыйлық табыстайтындарын айтқан депутаттар, оқу жылының соңында күнделіктеріндегі бағаларын қарап, үздік оқыған балаларға жазғы лагерьге жолдама сыйлайтындарын да жеткізді.

Бұл халық қалаулыларының кішкентай бөбектермен және олардың ата-аналарымен жыл бойы тығыз байланыста болатындығының бір көрінісі деп ойлаймын.

Үлкен аға, апаларына жақсы оқуға уәделерін берген балалар шаттана алғыстарын айтты.

Аталған акция «AMANAT» партиясының Жәйрем кентіндегі белсенді мүшелерімен жалғасын тауып, партия мүшелері 45 баланы оқу-құралдары толтырылған сөмкемен жабдықтады.

Аталған акция қыркүйек айының соңына дейін жалғасын таппақ.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

Қаражал қалалық

мәслихатындағы «AMANAT» партиясы

депутаттық 

фракциясының жетекшісі.