Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.
Қаражал қаласында 4 маусым – ҚР Мемлекеттік Рәміздер күніне орай «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Елтаңбам – елдігім, көк туым – теңдігім!» атты мерекелік шеру өтті. Бүгінгі рәміздерді ұлықтауға арналған шеру Тәуелсіздік монументі алаңынан бастау алды. Оған 15-ке жуық автокөлік және 40-қа жуық велосипедшілер қатысып, қаламыздың басты көшелері арқылы Мемлекеттік Рәміздерді сән-салтанатымен алып өтті.
Келесі кезекте «Рәміздер – тәуелсіздік тұмары» атты мерекелік бағдарлама бастау алып, айтулы мерекеге Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов қатысып, жұртшылықты құттықтады. Одан кейін салтанатты жиында қаламыздың әншілері отаншылдыққа шақыратын әуезді әндерді орындады.
Рәміздер күніне арналған мерекеде Қаражал қаласындағы білім ұяларының өрендері белсенді қатысып, өнер көрсетті. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырған іс-шара қаражалдықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, отаншылдық дәріптелді.
Көк туымыз тұғырлы, Елтаңбамыз еңселі, Әнұранымыз айбынды ел ретінде бүгінгі мерекенің орны ерек екені бәрімізге мәлім. Рәміздер — қазақстандық патриотизмнің, Отанға деген махаббаттың, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүрлеріне деген терең құрметтің негізгі белгісі. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай бергей. Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын!