Еңбек ұжымдарымен ашық диалог

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да дәстүрлі тоқсандық кездесу өтіп, кәсіпорын басшылығы мен еңбек ұжымдары өндірістегі өзекті мәселелерді талқылады. Әкімшілік-тұрмыстық кешеннің мәжіліс залында ұйымдастырылған жиынға «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ бөлім басшылары, кәсіподақ ұйымының өкілдері мен жұмыскерлер қатысып, Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықовпен ашық әрі еркін форматта пікір алмасты.
Бүгінде кез келген өндірістің тұрақты дамуы мен тиімді жұмысы еңбек ұжымы мен басшылық арасындағы өзара сенімге, ашық қарым-қатынасқа және ортақ мақсатқа ұмтылуға тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда тоқсан сайын өткізілетін мұндай кездесулер жұмыскерлерді кәсіпорын қызметінің маңызды бағыттарымен таныстырып қана қоймай, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдауға мүмкіндік беретін тиімді диалог алаңы болып отыр.
Кездесудің алғашқы бөлігінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері қаралды. Комбинаттың Экология, еңбекті қорғау және қауіпсіздік басқармасының бастығы Заңғар Асылмұрат өндірістегі қауіпсіздік ахуалы туралы баяндама жасап, жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Баяндамашы қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтіп, әрбір жұмыскердің өзінің ғана емес, жанындағы әріптестерінің де қауіпсіздігі үшін жауапты екенін жеткізді. Сонымен қатар, өндірістік тәуекелдерді анықтау және басқару, қауіпті жағдайлардың алдын алу, қауіпсіз жұмыс дағдыларын жетілдіру бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы нақты мәліметтер ұсынылды.
Кездесу барысында мердігер ұйымдарда орын алған өндірістік жазатайым оқиғаларға қатысты бейнематериалдар көрсетілді. Нақты оқиғаларға негізделген бұл мысалдар қауіпсіздік талаптарын елемеудің қандай ауыр зардаптарға әкелетінін айқын көрсетті. Залдағы қатысушылар өндірістік тәртіпті сақтау мен белгіленген талаптарды мүлтіксіз орындаудың маңыздылығына тағы бір мәрте көз жеткізді.
Өз сөзінде Заңғар Асылмұрат қауіпсіздік талаптары қағаз жүзінде жазылған ережелер ғана емес, әр жұмыскердің күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Өйткені, кез келген өндірістік көрсеткіштен адам өмірі мен денсаулығы қашанда жоғары тұрады.
Жиынның келесі бөлігінде Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықов кәсіпорынның өндірістік-экономикалық қызметінің қорытындыларына тоқталды. Қатысушыларға өндірістік көрсеткіштердің орындалуы, жүзеге асырылып жатқан жобалар, өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстар және алдағы кезеңнің негізгі міндеттері туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Басқарма төрағасы кәсіпорын жетістіктерінің негізінде ұжымның бірлігі мен кәсіби еңбегі жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өндірістегі әрбір жетістік мыңдаған сағаттық қажырлы еңбек пен жауапкершіліктің нәтижесі болып табылады. Сондықтан, жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбек өнімділігін арттыру және қолайлы жұмыс жағдайларын қалыптастыру мәселелері басшылықтың тұрақты назарында.
Кездесу барысында қызметкерлерді қолдауға және ынталандыруға бағытталған шаралар туралы да кеңінен айтылды. Әлеуметтік бағдарламалар, персоналды мотивациялау тетіктері, еңбек нәтижелерін көтермелеу және жұмыскерлердің әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар жөнінде ақпарат берілді. Мұндай шаралар ұжымның тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, өндіріс тиімділігінің артуына да оң әсерін тигізетіні атап өтілді.
Өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне қайта оралған Еркебұлан Қуандықов барлық деңгейдегі басшылар мен жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Ол қауіпсіз еңбек қағидаттарын ұстану әрбір қызметкердің күнделікті міндеті екенін айтып, өндірісте қауіпсіздік мәдениетін одан әрі нығайту қажеттігін жеткізді.
Кездесудің қорытынды бөлігі дәстүрлі түрде сұрақ-жауап алаңына арналды. Бұл жолы да еңбек ұжымдарының өкілдері өздерін толғандырған мәселелерді ашық көтеріп, басшылыққа тікелей сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Қызметкерлер өндірістік үдерістерді ұйымдастыру, еңбек жағдайларын жетілдіру, әлеуметтік қолдау мәселелері және кәсіпорын қызметінің басқа да бағыттары бойынша ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Барлық сұрақтарға толыққанды жауап беріліп, көтерілген мәселелер назарға алынатыны айтылды. Кейбір ұсыныстар бойынша жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы бақылауда болатыны жеткізілді.
Ашық әрі мазмұнды жағдайда өткен кездесу еңбек ұжымдары мен басшылық арасындағы сенімді нығайтып, өзара түсіністікті арттыра түсті. Мұндай кездесулер кәсіпорындағы ашықтық мәдениетін қалыптастыруға, жұмыскерлердің пікірін ескеруге және ортақ мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік береді.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да қалыптасқан бұл жақсы дәстүр алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Өйткені, өндірістің табысты болуы ең алдымен қауіпсіз еңбекке, кәсіби ұжымға және басшылық пен жұмыскерлер арасындағы сындарлы диалогқа байланысты. Ал мұндай кездесулер сол өзара байланыс пен серіктестікті нығайтудың маңызды тетігі болып қала береді.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.