Аптаның басында қала әкімдігінде Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіттің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үш жақты комиссияның отырысы өтті.
Отырысқа «Өркен-Атасу» ЖШС басшылығы және «Жәйрем КБК» АҚ кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ, осы мәселеге жауапты уәкілетті органдар қатысты.
Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш комиссияның негізгі міндеті –еңбек ұжымдарында қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауда жоғары нәтижелерге қол жеткізу болып табылады.
Үш жақты комиссияның кезекті отырысының күн тәртібінде жалақы төлеу және еңбек қатынастарын реттеу бойынша бірқатар маңызды мәселелер қамтылды. Жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелерге орай өз еңбек ұжымдарында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпараттар беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Отырысты қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Ақжол Ахатұлы жауапты мамандарға жалақының уақтылы төленуін бақылауға алуды, жанжалдардың алдын алу бойынша жедел әрекет ету шараларын қабылдауды тапсырды және әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ