Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Екі күнге жалғасқан жиында құрылтай мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқыға салды.
Ұлттық құрылтайдың IV отырысы аясында алқалы жиынның бірінші жұмыс секциялары «Азаматтық қоғам» және «Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыбында өтті. Онда пікірталас алаңы қызу өтіп, қатысушылар түрлі мәселені көтерді. Жиында сондай-ақ, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері де кеңінен сөз болды.
Ұлттық құрылтайдың IV отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Жиында Президент сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Орайы келгенде айта кетейік, Ұлттық құрылтай жанданғалы елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешім тауып келеді. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды. Алқалы жиында назарда болған кемшілікті түзету заң шеңберінде бекіп, қоғамның оң бағытқа бет алғаны байқалады.
Жалпы, бүгінге дейін Ұлттық құрылтайдың бастамасымен бірқатар заң қабылданыпты. Атап айтсақ, әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін күшейту туралы заң, вейп саудасына тыйым салу, мемлекеттік наградалар мен ономастика туралы заң қабылданған. Бұл қатарға вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы құжат қосылды. Оған қоса, есірткі өндіруді және сатуды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулерді атап өткен жөн.