Би өнері – терең тарихы мен бай дәстүрлерімен ерекшеленетін ұлы мәдени мұра. Оның тамыры адамзаттың өткенінен бастау алып, мыңдаған жылдар бойы дамып келеді. Бүгінгі таңда би өнерінің алғашқы іздері біздің дәуірімізге дейінгі VI-VIII ғасырлардағы тас бетіне ойылып салынған суреттерде көрініс табады. Бұл уақыттарда би тек мәдени-сауық құралы емес, сондай-ақ, адамдар арасындағы қарым-қатынастың, ішкі сезімдер мен ойлардың, тіпті, наразылықтың символы болып қызмет еткен.
Ежелгі адамдар би арқылы өздерінің күнделікті өміріндегі маңызды оқиғаларды бейнелеген: соғыс, махаббат, аңшылық секілді тұтас бір өмірдің мәнін би арқылы жеткізіп отырған. Олардың биі табиғаттың қимылын, жануарлардың қозғалыстарына еліктеп қалыптасқан. Сонымен қатар, би құдайға деген құрмет пен сенімнен туындап, аңшылық немесе соғыс алдында рухты көтеру мақсатында орындалған.
Уақыт өте келе, әрбір мәдениетте би өнері өзіндік мәнге ие болып, өз мағыналық тереңдігін таба білді. Би тек қимылдан ғана тұрмайды, ол адамның ішкі әлемін, оның сезімдерін, тілектері мен ойларын айшықтайтын көркемдік формаға айналды. Би – халықтың рухани мұрасы, оның терең мәдени ұғымдарын тасымалдаушы құрал.
Осындай бай әрі ғажайып өнердің маңыздылығын ескере отырып, Қаражал қаласында Халықаралық би күніне арналған ерекше мереке өткізілді. Көктемнің шуақты күндерімен бірге келген бұл күн мәдени-сауық орталығында үлкен салтанатпен атап өтілді.
Ағымдағы аптаның сәрсенбісі күні өнерсүйер қауым мәдени-сауық орталығының көрермендер залында жиналып, бір-бірінен бөлек ерекше кешке куә болды. «Би өнерінің үздіктері» атты мерекелік бағдарлама тек концерт қана емес, сонымен қатар, бишілердің қажырлы еңбегі мен ұстаздардың шығармашылық ізденістеріне арналған, рухани тұрғыдан бай үлкен кеш болды.
Бұл кеш би өнерінің жоғары бағасын алып, оның мәні мен маңызын қайта дәріптеді.
Кештің шымылдығын «Шапағат» би тобы заманауи нақыштағы «Медуза» биімен ашты. Сахнадағы жарық эффектілері мен бишілердің үйлесімді қимылы алғашқы минуттардан-ақ көрерменді баурап алды.
Концерттің ең әсерлі бөлігі – сахнаға ең кішкентай өнерпаздардың шығуы болды. «Қызғалдақ» би тобы «Қыз бала гүл» атты нәзік қойылымдарын ұсынып, залда отырған ата-аналар мен қонақтардың жүзіне күлкі ұялатты.
Одан кейін шыққан «Балақай» тобы «А ты меня любишь?» биімен балалық шақтың еркелігі мен шынайылығын паш етті. Бұл қойылымдар өнер жолына енді ғана қадам басқан бүлдіршіндердің болашағынан үлкен үміт күттіретінін көрсетті.
Жүргізушілер атап өткендей, әрбір сәтсіз қадам мен әрбір жетістіктің артында ұстаздың төзімі мен ата-ананың шексіз қолдауы тұр.
Би кеші тек классикалық бағытпен шектелмеді. «Дейлис Азия» би тобы кештің көркін қыздыра түсті. Олардың орындауындағы грузин халқының «Гандагана» биі нағыз Кавказ рухын сезіндірсе, «Плохо танцевать» және «Красные шапочки и Серый Волк» қойылымдары театрландырылған шоу ретінде есте қалды.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Асыл ай» би тобы да назардан тыс қалмады. Олардың орындауындағы «Моңғол биі» мен заманауи «Let’s get loud» композициясы бишілердің жан-жақтылығын паш етті.
Сондай-ақ, «Шапағат» тобының «Полиция» және «Рухты ару» билері әрбір қимылдың астарында терең мағына жатқанын, бидің – мінез бен рух екенін дәлелдеді.
Мерекелік кештің ең маңызды сәті – марапаттау рәсімі болды. Қаражал қаласы әкімі аппаратының басшысы Жанар Оқасова сахнаға көтеріліп, қаланың мәдениетіне үлес қосып жүрген мамандарға алғысын білдірді.
– Бұл күн – қаламыздағы әр мерекені гүлдендіріп жүрген жандарға деген ерекше құрметтің белгісі, – деді Жанар Оқасова.
Би өнеріне қосқан зор үлесі үшін Қаражал қаласы әкімінің Алғыс хатымен және ақшалай сертификатпен Мақпал Наралиева, Татьяна Новоковская, Қарлығаш Қалмағамбетова, Зәуре Байтасова марапатталды.
«Би — жанның қозғалысы» десек, сол жанның тазалығы мен сұлулығын сезіндірген бұл кеш көрермен жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз. «Би өнерінің үздіктері» концерті тек жетістіктерді саралап қана қоймай, қаламыздағы жас таланттардың болашаққа деген құлшынысын оятты.
Мың бұралған бишілердің өнері бұдан былай да шыңдалып, Қаражалдың атын биік белестерден таныта беретініне кәміл сенеміз.
Өнер мерекесі тарқаса да, оның қалдырған шуақты әсері мен жалынды рухы әрбір қатысушының жүрегінде жаңа шыңдарды бағындыруға деген үлкен үміт болып қала бермек.
Биіңіз үзілмесін, өнеріңіз өрге жүзсін, Қаражалдың қанатты бишілері!
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
