Балабақшаға қалай тіркелеміз?

Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі, өсіп келе жатқан жас ұрпақ білімінің тереңдігімен өлшенеді. Қазақ халқының нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп – ол балабақша. Алайда, балабақшаға бүлдіршіндерді тіркеудің өзі бір ғанибет екен деп ата-аналар шағым түсіріп жатады. Сол мәселенің шешімін тарқату үшін, сондай-ақ, осы тақырыпқа сай қала тұрғындардың бірнеше сауалдарына жауап алуға қаламыздың жалғыз «Балбөбек» бөбекжайы КМҚК басшысының міндетін атқарушысы Сатанова Ұлжан Шубайқызын сөзге тартқан болатынбыз.

– Ұлжан Шубайқызы ата-ана баласын балабақшаға қалай тіркей алады?

– Balabaqsha SmartNation — мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызметтерді алуға арналған бірыңғай портал арқылы тіркейді. Бұл яғни мектепке дейінгі ұйымдардың жалпы қол жетімді тізілімі және мектепке дейінгі ұйымды басқару жүйесі болып табылады. Яғни қарапайым тілмен айтсақ, 6 жасқа дейінгі балаларға арналған мектепке дейінгі білім берудің барлық жүйесін толық автоматтандырылған электронды балабақша. Бұл мектепке дейінгі мекеме мен ата-аналар арасындағы байланыс, яғни ата-ана үйден шықпай-ақ, балабақша таңдап, өтінішті кезекке жіберу және жою процестерін орындай алады. Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелердегі орындарды бөлудің бүкіл жүйесін байқау үшін онлайн бос орындарды күнделікті бақылап, балабақшаға жолдама алып, кезектегі жеңілдіктерге де (көпбалалы, жалғызбасты, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар) құжаттарды тапсыру және т.б. жүйеге қол жеткізе алады. Ең бастысы жолдама алу үшін сізге жүйенің қалай жұмыс істейтінін біліп, оны өз пайдаңызға пайдалануыңыз қажет.

– Жоғарыдағы жүйенің артықшылықтары мен кемшін тұстарын атап өтіңізші.

– Бұл сапалы жүйенің негізгі бетіндегі бос орындар тізімін қарай аласыз. Сондай-ақ, баланың ЖСН-ін енгізгеннен кейін ол сіздің жеке кабинетіңізде баланың туған күні мен қолжетімділік деңгейін (басымдық немесе тұрақты) ескере отырып, сізге қолжетімді барлық бос орындарды көрсетеді. Айта кетер бір жайт, бағыттарды тек жеке кабинеттен алуға болады. Бұл сіздің жеке кабинетіңіздегі бос орындар тізілімінің деректеріне назар аудару керек екенін білдіреді. Егер ата-ана негізгі бетте бос орынды көрсе, бірақ оны жеке кабинетінде көрмесе, бұл сіздің балаңыздың жас санатына сәйкес келмейтіндігі немесе кезекте басымдылық рұқсаты жоқ екенін білдіреді. Тіпті болмаса, ол ескірген ақпарат болып шығуы да мүмкін. Бет жаңартылмаса, ақпарат та жаңартылмайды. Яғни, сіздің жаңағы діттеген орынды сізден бұрын басқа адам алып қою мүмкін. Сондай-ақ, егер ата-ана негізгі бетте және жеке кабинетінде бос орынды көрсе, бірақ таңдау кезінде жүйе оны қабылдамаса, бұл сіз ақпаратпен танысып жатқанда, біреу бұл орынды алып қойғанын білдіреді. Бірақ та ата-ана бетті жиі жаңартып отырса, жүйе олардың әрекеттерін күмәнді деп санауы мүмкін және тізілім әлі де жаңартылмайды. Сондай кемшін тұстары да жоқ емес. Алайда, ата-аналарға айтарым, жүйе заңнамалық нормаларға сәйкес құрылған және мектепке дейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін толығымен автоматтандырған. Сізден басқа ешкім сіздің жеке кабинетіңізге кіре алмайды. Өте мұқият болыңыз, жүйенің принциптерін зерттеңіз және автоматтандырудың барлық артықшылықтарын пайдаланыңыз.

– Жеке кабинеттен жолдаманы алған соң ата-ана не істей алады?

– Ең алдымен ескертетін бір жайт, жолдаманың уақыты шектеулі, яғни 5 жұмыс күнін құрайды. Сондықтан, егер сіздің балаңыз балабақшаға барлық жағынан дайын болса, қажетті құжаттарды алдын ала дайындаңыз. Мысалы, денсаулық туралы анықтама. Балабақшаға жолдама алғаннан кейін медициналық құжаттар мен анықтамаларды толтырудан бастау жақсы идея емес. Белгіленген уақытта келмеуі мүмкін. Қаламызда электронды шарттар жасасу тәртібі бар, яғни жүйенің ішінен «келісімшарт жасасу» функциясын таңдап, нұсқауларды орындаңыз. Осы уақытқа дейін барлық құжаттарыңыз дайын болса, дереу келісім-шартқа қол қойып, мектепке дейінгі ұйымға жазылыңыз.

– Ата-ана ретінде менің де бір сұрағым бар еді. Егер баланы халыққа қызмет көрсету орталығында кезекке қойсақ, жүйеде жеке кабинетті қалай құруға болады?

– Ол мүмкін емес. Өйткені, егер сіз кезекте тұрсаңыз, демек сізде жүйеде жеке кабинетіңіз бар деген сөз. Кез келген жолмен, кез келген өтінішті берген кезде ол автоматты түрде ашылады.

– Жақсы, ал мен сол жеке кабинетке қалай кіре аламын?

– Егер сіз жеке кабинетке бірінші рет кірсеңіз, жүйе сізге кезекке тұру кезінде көрсеткен телефон нөміріне SMS жібереді. Ал егер SMS келмесе, бұл өтінішті жіберген кезде қате нөмірді көрсеткеніңізді білдіреді. Нөмір шынымен қате болса және SMS келмесе, нөмірді жаңарту қажет. Жүйеде мұны қалай жасау керектігі туралы нұсқаулар бар. Немесе сайттағы техникалық қолдау чатына хабарласыңыз. Balabaqsha SmartNation жүйесіне баланың өтінішін сізден бөлек басқа адам берсе, жеке кабинетке кіру үшін жеке кабинетіңізді өзіңізге қайта ресімдеу процедурасынан өтуіңіз керек. Бұл туралы да жүйеде нұсқаулар бар. Сізге жолдаманы алу немесе уақытын ұзарту, сондай-ақ бар құжаттармен жұмыс істеу немесе өтінішті жою және тағы басқа процесстер үшін жеке кабинет қажет. Алайда кезекті тексеру үшін жеке кабинет қажет емес. Баланың ЖСН-ін білу жеткілікті. Құрметті ата-аналар, баланы балабақшаға қабылдау жөніндегі мәселелері бойынша «Балбөбек» бөбекжайы КМҚК әкімшілігіне хабарласуларыңызға болады. Біз сізге кез-келген сұрақтарыңыз бойынша кеңес беруге дайынбыз.

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ