Сәрсенбінің сәтінде Жезқазған қаласындағы «Кеңгір» қонақ үйінің мәжіліс залында ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған форум өтті. Аграрлар бас қосқан алқалы жиында жетекші саланы қолдауға қатысты мәселелер қызу талқыланды.
Форумды Жаңаарқа ауданына қарасты «Мирас» шаруа қожалығының басшысы Төлеген Жаманов ашып, жүргізіп отырды. Ал, оның жұмысына Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарындағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін 70-ке жуық ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қатысты.
Жиында Ұлытау облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимур Бисимбаев «Ауыл шаруашылығы жылының негізгі қорытындылары мен АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша, биыл облыстық бюджеттен мемлекеттік қолдау шаралары аясында субсидиялауға 4 миллиардқа жуық қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда соның 80 проценті ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші фермерлерге төленген.
Форумда сондай-ақ, «Ұлытау» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарушы төрағасының орынбасары Жүрсінбай Лекеров «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру және ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру туралы мәлімдеме жасап, форумға жиналғандарды бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Аграрлар бас қосқан алқалы жиында сөз алған Ұлытау облыстық кәсіпкерлік палатасының төрағасы Гүлмира Қаженова облыстағы ауыл шаруашылығы саласына қатысты басты мәселелерге тоқталды. Ол кейбір шаруа қожалықтары иелерінің бұғатталған шоттары әлі күнге дейін шешілмегенін жеткізді. Сондай-ақ, өңірдегі заманауи ветеринариялық лабораторияның жоқтығын алға тартты.
Жиында мәлім болғандай, Ұлытау облысында биыл ауыл шаруашылығы саласына 400-ге тарта шағын несие беріліп, 2 ірі инвестициялық жоба 2,5 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылған.
Форумда фермерлердің көкейлерінде жүрген сауалдары тыңдалып, шешімін таба алмай жүрген мәселелері қарастырылды. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялау, экономикалық талдау және инвестиция тарту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрғиса Мырзабектің айтуынша, осы мәселелердің шешімін табу мақсатында іргелес жатқан облыстардан, Елордадан арнайы мамандар шақыртылған.
Форум жұмысына қатысқан облыс әкімі Дастан Рыспеков арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, қатысушыларды марапаттады.