Конституциялық реформа – тарихи мүмкіндік

Жақында еліміздің барлық бұқаралық ақпарат құралдарында «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жарияланды. Əлі де талқыланады, əрине. Жобаны жариялаудың мақсаты да – осы. Дегенмен, Ата Заңға қандай өзгерістер енгізіледі деген алаң көңілімізге орныққандай. Ең бастысы – суперпрезиденттік басқару жүйесінен түбегейлі бас тартып, ықпалды Парламенті бар президенттік республикаға айналатындығымызда. Яғни, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын тұғыр еткен басқару жүйесіне өтеміз.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған 16 наурыздағы Жолдауында жаңару мен жаңғырудың негізгі 10 бағытын айқындап берген болатын. Қазіргі таңда осы Жолдау жүктеген міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге аса бастады.

– Бізге Қазақстан дамуының саяси моделін қайта құру бойынша сындарлық адамдар қажет. Мұнда ең алдымен, суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу туралы айтылып отыр. Мұндай жүйе билік институттарының қолайлы теңгерімін қамтамасыз етеді жəне елдің орнықты дамуына ықпал ететін болады. Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз, – деген еді Мемлекет басшысы.

Міне, осы бағытта қайта түзіліп, қарапайым халықтың талғам таразысына ұсынылған жобаның Қазақстанның кемелдену кезеңіне кепіл боларына көзіміз жетіп, сеніміміз серпіліп отыр.

Қандай өзгерістер бар сонда?

Тəуелсіздіктің ең басты тірегі, мемлекеттің барынша бағалы құндылығы, халықтың игілігі – жер. Конституцияның 6-бабындағы 3-тармағында «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүргізеді» деп өзгертілмек. Осы баптың өзімен-ақ, талай жылдан бері азаматтардың алаңдауына негіз болып, дау-дамай, дақпыртты өршітіп келген жер мəселесіне нүкте қойылады.

Сондай-ақ, Ата Заңымыздың 43- бабы «ҚР Президентінің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс» жəне «ҚР Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ» деген жаңа тармақтармен толығып отыр.

Жаңа өзгерістер мен толықтырулар арқылы Президент өзінің көп өкілеттіктерін биліктің басқа тармақтарына бөліп беруі де – халықтың билікке деген сенімін арттыратын фактор. Билік бөлінісіндегі мұндай тепе-теңдік еліміздегі саяси жүйені демократияландырудың алғышартына айналары сөзсіз. Сонымен қатар, болашақта Парламент Мəжілісі конституциялық заңда белгіленген тəртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпы ұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ, бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын 98 депутаттан тұратын (50-баптың 3-тармағы) болады. Бұл – қарапайым халықтың таңдауы мен пікірі ескеріледі деген сөз.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың əкімдерін сол өңірдегі барлық мəслихаттар депутаттарының келісімімен тағайындау (87-баптың 4-тармағы) жүйесі де – жаңарудың жарқын қадамы. Өзгерістен кейін облыс əкімдігіне ұсынылған екі үміткерге мəслихат депутаттары дауыс беретін болады. Жəне мəслихат депутаттарының əкімдер қызметін бағалап қана қоймай, əкімге көпшілік дауыспен сенімсіздік білдіру құқығы да (87-баптың 5-тармағы) Ата Заңның жаңа редакциясында қамтылып отыр.

Жалпы, біз жаңару жолына табан тигіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «Жаңарған Қазақстан – əділетті Қазақстан» құру ісіне құлшына кірістік. Алдағы Референдум Жаңа Қазақстанның тарихи мүмкіндіктеріне жол ашады!

Елдің ертеңі үшін таңдау жасайтын тарихи сəтте алауыздық танытып, енжарлық көрсеткенімізді келешек ұрпақ кешірмеуі мүмкін. Сондықтан, жарқын болашақ үшін жұдырықтай жұмылып, бірлік танытайық!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мəслихаттың депутаты