Бүгінгі таңда көптеген жастар нашақорлыққа салынып жүргені жасырын емес. Нашақорлық – бұл қазіргі қоғам дерті. Адам денсаулығы – қоғам байлығы, әрбір адам өз денсаулығын сақтау жолдарын қарастыру керек екені анық. Ал есірткі – бұл адамның көңіл-күйін, сана-сезімін, мінез-құлқын бұзатын қауіпті, тыйым салынған химиялық зат. Ол адамның есін алып құмарлыққа ұшыратады, есірткісіз өмір сүре алмайтын күйге дейін жеткізеді.
Осыған орай, өткен аптада қала әкімі Айқын Елеусізовтың қатысуымен «Нашақорлыққа жол жоқ!» акциясы аясында кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың ауыр салдарын түсіндіру болып табылады.
Ең алдымен, Қаражал қаласының әкімі Айқын Қылышұлы ортаға шығып, білім алушыларға салауатты өмір салтының маңыздылығын айта кетті. Өз сөзінде:
-Құрметті оқушылар, мектеп мұғалімдері, іс-шара қатысушылары! Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндеті. Бүгін біздің алдымызда үлкен мақсат тұр, бұл мақсат – нашақорлықпен күрес. Бүгінгі таңда бұл қойылған мақсатқа жету үшін үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз өз тарапымыздан бұл мәселеге көп көңіл бөлеміз. Айта кетсек, есірткі мен нашақорлыққа қарсы алдын-алу жұмыстарын атқару, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Еліміздің болашағы – жастарды нашақорлық індеттерінен аластату барлық мүдделі органдардың міндеті. Нашақорлыққа қарсы күреске бәріміз үлесімізді қосайық,- деп, нашақорлыққа жақындамауға шақырды.
Сондай-ақ, оқушылармен кездесуге қала прокуроры Дархан Бөлекбаев, қаланың құрметті ақсақалы Мешітбай Омар және Қаражал қалалық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмаз Жақаев қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар жастарға профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нашақорлықтың салдары мен зияны жайында әңгіме қозғады.
Зиянды әдеттердің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің тұрғындары арасында өскелең ұрпақтың нашақорлыққа, есірткіге қарсы дүниетанымын қалыптастыру және жағымсыз әдеттерге қарсы мінез-құлық дағдыларын дамыту мақсатында «Біз салауатты өмір салты үшін» атты бейнеролик байқауы ұйымдастырылған болатын. Сол бейнероликтер байқауының қорытындысы шығып, Айқын Қылышұлы үздік деп танылған үш жеңімпазды марапаттады. Айта кетсек, 1 орынды №7 ЖББМ ағылшын пәнінің мұғалімі Меруерт Акижан иеленсе, 2 орын иегері №3 ЖББМ Таисия Рамазанова атанды. Ал, 3 орынды №1 мектеп оқушысы Инжу Ғабдулла місе тұтты.
Нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар көбейіп келеді. Сондықтан, осындай акциялар мен кездесулер жиі орын алса, нашақорлықтың түбін жоймасақ та кедергі болуға әбден мүмкіндігіміз бар. Бала шақтан болашаққа салауатты өмірмен ғана қадам басайық.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ