Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары!

Баршаңызды еліміз үшін ардақты, халқымыз үшін қастерлі мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы аңсап өткен азаттықтың ақ таңы атқанына биыл отыз үш жыл толып отыр. Осынау уақыт аралығында еліміз көптеген биік белеске қол сермеп, айқын мақсаттарын жүзеге асырып келеді. Егемендіктің арқасында жеткен әр жетістігіміз – көзіміздің қарашығындай қадірлі.
Өздеріңіз білетіндей 2022 жылы, өңір халқы тағатсыздана күткен үлкен қуаныш – Ұлытау облысының құрылуы орын алды. Бұл тарихи сәтті де Тәуелсіздіктің тәтті жемісі дер едім. Сол уақыттан бері Жошы хан ордасын тіккен тарихи аймақ жаңаша түрленіп, дамудың даңғыл жолына аяқ басып келеді. Академик Қаныш Сәтбаевтың маңдай тері сіңген кенді өлкеміз Азаттықтың арқасында бұдан әрі тіпті көркейіп, гүлдене береді деген сенім мол.
Қадірменді жерлестер!
Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында талай ұлт пен ұлыстың қадірлі мекеніне айналған Ұлы далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында баянды да бақытты ғұмыр кешулеріңізге тілектеспін.
Мерейлі күн қарсаңында бастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!

Құрметпен,
Дастан РЫСПЕКОВ,

Ұлытау облысының әкімі.

Бауыржан ШЫҢҒЫСОВ,

Ұлытау облыстық мәслихаттың төрағасы.