Қазақстан Республикасы Тәуелсіз ел атанғанына биыл 33 жыл толды. 33 жыл – мемлекет тарихы үшін аз мерзім, бірақ, адам өмірінде өте үлкен және маңызды кезең. Халқымыздың ғасырлар бойы армандап, екі ғасыр тоғысында қол жеткізген бақыты, ол – біздің Тәуелсіздігіміз.
Сонау ғасырлар бойы қиыншылықты басынан өткерген халқымыз үшін тәуелсіз ел атану Жаратушыдан берілген ең қымбат асыл қазына. Қаншама боздақтарымыз ел егемендігі мен азаттығы үшін ғасырлар бойы күресіп, бүгінгі бейбіт күнді ұрпаққа аманат етті. Сондықтан, халқымыз үшін Тәуелсіздік – киелі де қастерлі ұғым.
Осыдан 33 жыл бұрын еліміз азаттығының таңы арайлап атқанда дүние есігін ашқандардың саны арта берді. Біздің қаламызда арманы асқақ, Отанға деген ыстық сезімі бар, өресі биік, мақсаты зор Тәуелсіздік құрдастары жетерлік. Егемен елмен бірге өсіп келе жатқан олардың мақсаты айқын, ойы азат. Керісінше болуы мүмкін де емес. Өйткені, 1991 жылы туған ел азаматтары бодандықтан бостандыққа аяқ басқан шақта өмір есігін ашты. Ал, бүгінде олар ел үмітін арқалаған жастық шақтан бір үйдің жауапкершілігін арқалаған ана мен әкеге айналып отыр.
Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ!
Солардың бірі №1 жалпы білім беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Шынболат Төлегенов. Қазыналы Қаражалда 1991 жылдың 27 наурызында дүние есігін ашқан Шынболат, бүгінгі күні асыл жар, асқар тау әке, ұлағатты ұстаз. Еңбек жолын Тау-кен техникалық колледжінің жас маманы болып бастаған Шынболат Абайұлы, қазіргі таңда 10 жылдан астам еңбек өтілі бар білікті маман. «Тәуелсіздік құрдасы болу сіз үшін қандай сезім?» деген сұрағыма: — «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» деп Қасым Аманжолов айтқандай, иә, біз шексіз бақыттымыз. Сондықтан, Тәуелсіздіктің құрдасы екенімді ойлағанда, көкірегімді бір әдемі сезім әлдилейді, қуаныш кернейді, — деп жауап қатты. Тарих пәнінің мұғалімі бос уақытында таза ауада, судың жағасында серуендегенді ұнатады. Спорттан алыс емес екен. Қалалық жарыстарда үстел теннисінен үнемі жүлделі орын иегері атанып жүрген азамат.
Елімнің құрдасы болу мен үшін үлкен мәртебе
– Биыл еліміз ғана емес, 1991 жылы жарық дүниеге келген құрдастарымыздың барлығы да 33 жасқа келгендерін атап өтуде. Есім кіргелі бері Тәуелсіздік құрдасы екенімді біліп, оны терең сезініп өстім. Өйткені, мектептегі ұстаздардан бастап, үйдегі ата-анам да осы Тәуелсіздікке қалай жеткеніміз жайлы санамызға құйып өсірді, — деп бастады әңгімесін қаламыздың тумасы, Тәуелсіздік құрдасы Ерзат Өтемісов.
Қазіргі таңда 15 жылға жуық еңбек өтілі бар «Батыс Қаражал» шахтасының ұсақтау учаскесінде жерасты электржабдығын жөндеу шебері. Ерзат Думанұлының әкесі қаламыздағы құрметті азаматтардың бірі, сондай-ақ, Думан аға Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгер. Әкесі Ерзатты нағыз ер азамат қылып тәрбиелегенін, бос уақытында қазақы құмай тазысын ұстап, ат баптайтынынан байқап қалдым. Ерзат отбасылы, жолдасы Іңкәр Мұратқызы қалалық орталық аурухананың лабораториясында аға-зертханашы болып қызмет атқарады. Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған жас отбасы. Ерзат Думанұлы бір сөзінде: -Елімнің құрдасы болу мен үшін үлкен мәртебе, мақтаныш десем де артық емес, — деп ағынан жарылды.
Тәуелсіздіктің құрдасы екенім маған терең жауапкершілік жүктейді
Келесі Тәуелсіздіктің құрдасы Лаура Кулмурзина 1991 жылы 14 қарашада Жәйрем кентінде дүниеге келген. Лаура 2 ағасының ортасында ақылды да көрікті еркесі болып өсті. Ата-анасы егемендіктің елең-алаңында дү¬ниеге келген кенжелерінің, бір тал гүлінің қуаны¬шы ел Тәуелсіздігімен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа жорыған екен.
— Тәуелсіздікті ата-бабаларымыз қаншама ғасырлар бойы армандап, аңсап өткенін, осы жолда қаншама алаш азаматтары басын бәйгеге тіккені санамызда сайрап тұруы керек деп ойлаймын. Сондықтан, біз Тәуелсіздік құрдастары ел ертеңі үшін, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің тұғыры берік болуы жолында қайтарымды еңбек етуге дайын екенімізді дәлелдеуіміз керек. Бұл жалаң сөз, бос ұран емес. Бұл бүгін өмір жолын бастаған әр жастың көкейінде жүрер асыл арманы, адал махаббаты болуы керек. Бүгінгі таңға дейін бойымызға Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді сіңіре жүріп жетілдік. Ал, қазір сол қасиет балаларыма дарыса екен деп тілеймін. Болашақта өсіп келе жатқан жас ұрпағымыз Тәуелсіздіктің мәртебесін көтеретін тың істерге атсалысса екен деген тілегім бар, — деп Лаура өз ойын жеткізді.
Лаура ханым қазіргі таңда Қаражал қаласының ауруханасында кадр бөлімінде жұмыс атқарады. Сондай-ақ, көпбалалы ана, әлбетте бос уақыты көп емес екені де белгілі. Өмірлік серігі Бекзат Меркенұлы бірнеше жылдан бері Қаражал қаласының полиция бөлімінде адал қызмет атқарып келеді.
– Тәуелсіздіктің құрдасы екенім маған терең жауапкершілік жүктейді. Елмен бірге есею – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт,- деп Лаура ханым сөзін керемет аяқтады.
Иә, олар Қазақстан Республикасы деп аталатын үлкен отбасы дербес шаңырағын көтеріп, уығын тіктеп, ұлтымыз ұлан-асыр той жасап жатқанда, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған үйде шілдехана жасап, қазан көтеруге себепші болды. Олар атамекенімізде ақ түйенің қарны жарылып, ақсарбас шалған уақытта, еліміздің Әнұранын, Елтаңбасын, Туын айқындап, күллі дүниеге қазақ елін паш еткен мезгілде бесікке бөленіп, анасының әлдиін тыңдады. Олар елімізбен бірге қаз-қаз басты, сүрінсе қайта тұрып алға ұмтылуды үйренді, азат елдің мектебінің табалдырығын аттап білім алды. 33 жылда біраз жақсылыққа куә болып үлгерді. Әлі де мемлекетпен бірге асар асуы, алар белестері алда. Елімізде бейбітшілік, тыныштық болып, егеменді еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін. Еліміздің еңсесі биік, туымыздың тұғыры берік болсын.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ