Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдағы заң мен тәртіп идеологиясын да ерекше атап өтті. Бұл бағытта әскерге қатысты мәселелер де сырт қалған жоқ. Осы орайда армия басшыларына қадау-қадау міндеттер жүктеді.
Жолдау негізінен Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына арналды. Мемлекет басшысы өз сөзінде елдің әлеуметтік тұрмысын жақсартуға арналған экономикалық нақты өзгерістер мен жігерлі әрекеттер керек екендігін атап өтті. Жолдауда аталған барлық тоғыз басымдық осы міндеттерді орындауға бағытталмақ. Солардың қатарында тоғызыншы басымдық қоғамдағы заң мен тәртіп идеологиясына арналды. Азаматтардың құқығын қорғау саласында көптеген жұмыстар атқарылып жатқандығын да тілге тиек етті.
Президент әскер тақырыбын да айналып өткен жоқ. «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан, сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», – дей келе, Мемлекет басшысы әскердегі тәртіп пен заңның сақталуы, әскердегі сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне басшыларының тікелей жауапты екендігін атап көрсетті.
Бұдан жергілікті жерлердегі қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер де сырт қалып жатқан жоқ. Біз де өз тарапымыздан әскер қатарына шақырылатын жастармен, мектептердің жоғары сынып оқушыларымен, колледждердің студенттерімен болған кездесулерде әскердегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуы, әскери қызметтің қауіпсіздігі әрқашан назарда болғандығын, бола да беретіндігін, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін әскердегі тәртіпті күшейте түсу мақсатында нақты шаралар қабылданатынын айтып отырамыз. Жастарды заң мен тәртіпті қатаң сақтауға шақырамыз.
Орайы келгенде айта кетейін, Қаражал қалалық қорғаныс істері бөлімі еліміздің қорғаныс қуатын арттыру, жасы жеткен азаматтарды әскер қатарына шақыру және арнайы әскери бөлімдерге жіберу бағытында еліміздегі қолданыстағы заңдар шеңберінде жүйелі жұмыс жасап жатыр.
Осы орайда үстіміздегі жылдың көктемгі әскери қызметке шақырту бойынша өңірдің 35 жас азаматын әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салдық. Олардың төртеуі Қазақстан Республикасы Ұлттық Комитетінің шекара қызметіне, 19 азамат ҚР Қорғаныс министрлігіне, 2 азамат ҚР мемлекеттік күзет қызметіне, 10 азамат Ұлттық Ұлан қатарында қызмет етуге кетті. Ал, күзгі мерзімдегі шақырту кезінде тағы 35 азаматымыз әскер қатарына аттанды. Күзгі шақыру желтоқсан айының соңына дейін жалғасуына орай біз тағы 5 азаматты әскер қатарына жіберуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні Қаражал-Жәйрем өңірінен 70 жас жеткіншек Қазақстанның қарулы күштері қатарында өздерінің азаматтық борыштарын абыроймен өтеп жүр. Олардың қауіпсіздігі мен өз отбасына аман-сау оралуын біз де назарымызда ұстап отырамыз.
Арман Мақажанов,
Қаражал қалалық
Қорғаныс істері
бөлімінің бастығы.