Баға жетпес байлығым

Ата мен әже – біздің өміріміздегі ең қымбат, ең қадірлі жандар. Олар – бізді тәрбиелеп, өмірдің алғашқы қадамдарын көрсету үшін қаншама күш-жігер жұмсайды. Мен Жәйрем кентінде туып-өссем де, осы кентте білім алып, қазіргі таңда үлкен қалада жоғарғы оқу орнында оқып жүрсем де ата-әжемнің берген тәрбиесін ұмытпаймын. Ол кісілердің өмірі мен үшін бір кітаптай, әр парағында ерекше тарих, әр бетінде терең мағына бар.

Атам – Хасен, әжем – Райхан Жаңаарқа ауданы Қараағаш ауылында тұрады. Ауылда ең беделді, сыйлы жандардың бірі. Ата-әжемнің мейірімі мен қамқорлығы біздің отбасымыздың негізін құрайды. Аяулы жандардың жанында болу — бұл жылу, қуаныш, ерекше сенім. Біз әрдайым олардың кеңестеріне сүйенеміз, себебі, ол кісілердің өмір тәжірибесі мен даналығы — бағасы жоқ қазына.

Олар бізге өмірдің құнды сабақтарын үйретті: адалдық, еңбекқорлық, үлкенді сыйлау, кішіні қорғау – осының бәрі ата-әжелерімізден келген тәрбие.

Ата-әжелердің мейірімі мен қамқорлығы, қолдау көрсетуі мен даналығы мені қанаттандырады. Мен оларды мақтан тұтамын. Ата-әжемнің тәрбиесі менің өміріме сәуле шашып, мені жақсы адам болуға жігерлендіреді.

Ата-әже — біздің тамырымыз, тарихымыз, ұлттық мұрамыз. Оларды құрметтеу, бағалау — әрқайсымыздың міндетіміз. Ата-әженің орнын ешкім толтыра алмайды!

Жанерке ХАСЕНОВА,

А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті журналистика факультетінің І курс студенті.