Қауіпсіздік пен сапа сөз болды

Аптаның басында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтың төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Жиын барысында ішкі нарықтағы тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен сапасын жоғарылату шаралары және Ұлытау облысы елді мекендерінде байланыс сапасын жақсарту жайында мәселелер қаралды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы күн тәртібіндегі мәселелерге көшпес бұрын облыстық қаржы басқармасы мен қоғамдық даму басқармасының жаңа басшыларын таныстырды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы болып Жеңіс Қиянбеков тағайындалды. Мамандығы бойынша қаржыгер және заңгер. Еңбек жолын Алматы облысының қаржы басқармасында жетекші маман болып бастаған. Әртүрлі жылдары Алматы облысында, Астана қаласында және Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы және Жезқазған қаласында қаржы саласында басшылық қызметтер атқарды.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы болып Бақытжан Жайлаубаев тағайындалды. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген ол әр жылдары Сәтбаев қаласы мәдени-сауық орталығының директоры, Сәтбаев қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті талдау және жоспарлау басқармасының басшысы, Энергетика министрлігі цифрландыру және ақпараттандыру басқармасының басшысы болып қызмет еткен.

Ұлытау облысы құрылғаннан бастап, осы уақытқа дейін Жезқазған қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары болған.

Жиында өңір басшысы Дастан Адайұлы жаңадан сайланған басқарма басшыларына жұмыстарына сәттілік тіледі.

Бұдан соң аппарат кеңесі күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға көшті. Алғашқы мәселе бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысы Болат Байкин мәлімдеме жасады. Бұл ретте облыс әкімі жауапты орынбасарларына өңірдегі аттракциондар мен балалар ойын алаңдарына арналған жабдықтар және жеделсатылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін өңірлік ахуалдық штаб отырысында қарастыруды тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Ұлытау облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ермек Жазылханұлы баяндама жасады. Өңір басшысы өз кезегінде Ұлытау ауданының әкіміне аймақтағы елді мекендердің байланыс сапасын жақсарту үшін мачта орнататын жерді рәсімдеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Ізбасар ОЙБАС