Аптаның басында Ұлытау облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында 2024 жылғы өрт қауіпті кезеңінің қорытындысы, «Қыс-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуға дайындық, алдағы қыс мезгіліне және көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған шаралардың орындалу барысы, сондай-ақ азаматтық қорғану құрылғыларын әзірлікке келтіру мәселелері талқыланды.
Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Есен Байыров саладағы атқарылған жұмыстар мен шешуді талап ететін мәселелерді баяндады. Қала-аудан әкімдері, тиісті басқарма басшылары және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы АҚ филиалының директоры өңірлер мен трассалардың қыс мезгіліне дайындығы жайлы ақпарат берді.
Өңір басшысы облыстық маңызы бар жолдарда қызмет көрсететін мердігерлер мен ұйымдардың қысқа дайындығын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Республикалық маңызы бар жолдарда қажетті техниканың болуы мен уақытылы жолдардың тазартылуы, инертті материалдардың себілуі де басты назарға алынды. Сонымен қатар, су тасқынының алдын алу шараларының тиімді жүзеге асырылуы және жобаны толық аяқтауда келеңсіздіктердің болдырмау қажеттігі ескертілді.