Ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады

Ағымдағы жылдың 6 қыркүйегінде Отбасы күніне орай әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссияның жоспарына сәйкес, Қаражал қаласының аналар кеңесінің қолдауымен «Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ және Қаражал қаласы азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ұйымдастыруымен дәл осы мереке аясында «Ұрпақтар сабақтастығы» атты ауқымды іс-шараның куәгері болып біз де барып қайттық.

«Ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады» деп жатамыз. Жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы. Бала ұяда не көрсе, соны іледі. Отбасы – шағын мемлекет. Соның дәлелі ретінде іс-шара себепкерлері шағын мемлекеттерімен келді. Ең алдымен жарты ғасыр уақыт құстың қос қанатындай қатар самғаған алтын той иелері Әрін ата мен Шолпан әжей Байтасовтар жайлы айта кетуді жөн көрдік. Әдемі қартая білген жарасымды жұптың жүзінде ескірмеген махаббат пен сарқылмаған сыйластық тұнып тұр десек те болады. Әрін ата 1970 жылы Қаражал қаласының №1 мектебінде 8 сыныпты бітіріп, өрт сөндіру мекемесінде өрт сөндіруші қызметінен еңбек жолын бастаған. Ол жерде 2 жыл қызмет атқарып, 1972 жылы Қаражал қаласында АТП-да жүргізуші болып жұмыс атқарған, кейін Қамыс Мола деген жерде көлік жүргізушісі болған. Одан кейін «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінде көлік цехында жүргізуші болып жұмыс жасаған. Ал Шолпан әже 1973 жылы мектеп бітірісімен сол жылы Атасу тау-кен байытуда, маркшейдер бөлімінде қызмет атқарған, сол бір жерде 38 жыл жұмыс жасап зейнетке шыққан екен. Байтасовтар жұбы отбасында 3 ұл, 1 қыз өсіріп ер жеткізген, қазіргі таңда ата-әже 4 баладан 14 немере, 3 шөбере сүйіп отыр.
Одан кейін 25 жыл бойы берік отбасын құра білген күміс той иегерлері Мейрамбек Шакиев пен Әсемгүл Ынтықбаева және Ербол мен Айман Бейсенбаевтар отбасы да өзге отбасына үлгі екені айдан анық. Бұдан ширек ғасыр бұрын балауса балғын шақтарында бас қосып, Қаражал қаласының АХАТ бөлімінде некелерін тіркеп, шаңырақ көтерген қос жас, аяулы сезімдерін жоғалтпай 25 жыл бойы сыйластық пен құрметтеудің нәтижесінде бір-бірін мәпелеп осы күміс тойға жетіп отыр.
Мейрамбек аға 1972 жылы 2 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қожабақы ауылында туған. 1996 жылы Қаражал қаласына келіп еңбек жолын бастаған. Әсемгүл ханым 1974 жылы 7 тамызда туылған. Қаражал қаласында 1995 жылы «Өркен Атасу» мекемесінде еңбек жолын бастаған болатын. Қазіргі таңда Қаражал қаласында санитариялық-эпидемиялық станциясында баклабораторияда 15 жыл бойы қызмет атқарып келеді. Ерлі-зайыпты 3 бала тәрбиелеп, бүгінгі күні немере сүйіп отырған бақытты жандар.
Бейсенбаевтар отбасына келсек, Ербол аға 1996 жылы Қаражал қаласында СПТУ-ды бітіріп, әрі қарай өз жекеменшік шаруашылығымен айналысқан. 2022 жылдан бастап «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінде көлік цехында көлік жүргізушісі болып қызмет атқарып келеді. Айман ханым 1995 жылы Қаражал қаласында №3 орта мектебін бітіріп, 2011 жылы Қарағанды Экономикалық Университетін тәмамдаған. 2004 жылдан бастап Қаражал қаласында статистика басқармасында жұмыс істейді. Бүгінде 3 бала, 2 немере тәрбиелеп отыр. Жиырма бес жыл бойы өнегелі өмірлерін әрі қарай жалғастыратын балалар тәрбиелеп, алда олардан немере, немереден шөбере сүюді Алла нәсіп етсін.
Келесі кезекте бір шаңырақтың шырағын жаққалы отырған қос ғашық Абай Әскеров пен Інжу Ноғаева «Ұрпақтар сабақтастығын» жалғастырып әкетті. Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексіне сәйкес, Қаражал қаласы АХАТ бөлімінде 6 қыркүйегінде некелері заңды түрде тіркеліп, отбасылық алғашқы құжатқа қол жеткізді. Өмір бойы естен кетпес қуанышты сәтпен бірге үлкен жауапкершілік те жарасқан жұпқа дүйім жұрттың алдында жүктелді. Бұл қос ғашыққа жоғарыдағы мерейтой иелерінің жолдары бұйырып, сол кісілердің ескірмеген махаббатары мен мәңгі сыйластығы жұғысты болсын дегіміз келеді.
Сонымен қатар, осындай мерейлі күні той иелерін Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы, әйелдер кеңесінің төрайымы Зәмзагүл Оспанова сөз сөйлеп, ақжарма тілегін білдірді. Сондай-ақ, той иелеріне «Құттықтау хатты» табыс етті.
Келесі кезекте өмірге кеше ғана шыр етіп дүние есігін ашқан сәби Елжан Медеуұлы Елдос ата-анасымен бірге салтанатты түрде алғашқы төлқұжатын алуға келген екен. Жаңа туған сәбидің әкесі қазыналы қаламыздың «Өркен-Атасу» өкілдігінің «Өркен» ЖШС жұмыскері. Ал анасы «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ маманы болып жұмыс атқарады.
Бұл шараның байыбына келсек, қосағымен қоса ағарып, мерейтой иелерінің өнегелі өмірін бүгінгі шалыс басып, шатасып жүрген жас ұрпаққа үлгі ету. Жоғарыдағы жарты ғасыр жарасқан жұптың ғибраты бәрімізге де үлгі болса деген ниет.