Сіздерді еліміз үшін айтулы мерекелердің бірі-Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Жасыратыны жоқ, мамыр айының бұл мерекесі туған жерге деген жанқиярлық сүйіспеншіліктің жарқын символы саналады.
Өздеріңіз білетіндей, жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік.Жасампаздық.Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясын өткізіп, еліміздегі түрлі ұлт өкілімен тарих тоғыстырған тағдырымыздың бір, сеніммен қадам басатын келешегіміздің ортақ екенін жеткізді.
Сондай-ақ айтулы мереке қарсаңында жерлесіміз Аркадий Побединский Мемлекет басшысының қолынан «Шапағат» медалін алып, облысымыздың мәртебесін Республика көлемінде асқақтатты. Бұл – отансүйгіш азаматтың туған жерге деген сүйіспеншілігін көрсетеді.
Қазіргі уақытта облыс аумағында 8 этномәдени нысан жұмыс істейді, барлығы 53-тен астам этностың өкілдері тұрады, олардың әрқайсысының бейбітшілік пен келісімді қорғау ісінде өз үлесі бар. Облыстағы үздік этномәдени бірлестіктердің сәтті жобасы үшін арнайы сыйақылар мен гранттар тағайындалады.
Қадірлі жерлестер!
1 Мамыр — Қазақстан халықтары бірлігінің күні баршаңызға құт-береке, ымыра, татулық алып келсін. Отбасыларыңызға денсаулық, бақыт, амандық тілейміз. Ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының көк аспаны әрдайым ашық болсын!
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы
Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов