Күн сайын жұмысыңа көтеріңкі көңіл-күймен асығып келу, одан кейін сүйікті отбасыңа оралу, өзіңді рухы мықты және сенімді сезіну – бақыт деген осы емес пе? Бұған келісетін шығарсыз. Біздің кейіпкеріміз, техникалық бақылау бөлімінің мастері, жәйремдік Жанат Жакешова – бұның айқын дәлелі. Бірақ ол бақытты сезініп өмір сүру үшін өз ісіңе жауапты, адал және әлемге ашық болу керек деп санайды.
Бұл бекерден-бекер айтылған құр сөздер емес, ол оны ісімен дәлелдейді. Ұжымда жайдан-жай құрметке ие болған жоқ, басшылық оның пікіріне құлақ асады. Жанат білікті мамандар қатарынан. Техникалық бақылау бөлімінде жұмыс істегеніне 13 жыл болды. «Еңбек Даңқы» орденін алғаш рет 2019 жылы алды. Ал 2023 жылдың соңында тағы бір мәрте II дәрежелі марапатқа ие болды.
Бала кезінде Жаңаарқа ауданы Қызылжар кентінде мектепте оқып жүргенде Жанат болашақта сот болып жұмыс істеуді армандады. Уақыт өте келе оның басымдықтары өзгерді. Болашақ мамандығына оқу үшін қаржы колледжін таңдады. 1986 жылы қолына бухгалтер дипломын алып, Жанат қазыналы Жәйремге келеді. Оның ойынша, дәл осы жерде ғасыр құрылысы жүріп жатқандықтан, адамдар мұнда Кеңес одағының түкпір-түкпірінен ағылды. Жас маман жаңа өндірісті бағындыруға кірісіп кетті. Жәйрем кен байыту комбинатындағы жұмыс орны – шахта құрылысы басқармасы, тізімдеуші. Ол кезде небәрі 18 жаста еді.
– Кейіннен болашақ жарым Ғабиден Жамбековпен таныстым, – деп есіне алады кейіпкеріміз. – Ол экскаваторшының көмекшісі болып жұмыс істеді. Қазіргі уақытта – полиметалл байыту фабрикасының сүзгілеу бөлімінде ауысым мастері.
Жұмыста кездейсоқ таныстық. Әуелі жай амандық-саулық сұрасып жүрдік, кейін кездесе бастадық, шаңырақ көтердік. Отасқанымызға 37 жыл болыпты. Дүниеге төрт бала әкелдік. Бірге тәрбиеледік, өмірлік құндылықтарды бойларына сіңірдік.
2000 жылы жаңа мамандықты игеруді шешті. Техникалық бақылау бөліміне сынама алушы болып жұмысқа орналасады. Қарағанды политехникалық колледжіне технолог-байытушы мамандығына оқуға түсті. Тәжірибе жинады, қызметінің қыр-сырын игерді. 2006 жылдан бастап мастер болып жұмыс істейді. Қарамағында 9 адам бар.
– Бізде еңбек етуге қолайлы жағдай жасалған, жаңа автоматтандырылған жабдық, басшылық үнемі қолдайды, сондықтан да кез келген міндетті асыра орындау қолымыздан келеді, – дейді сеніммен Жанат Жакешова. – Ата-анам маған қандай жағдай болса да адам болып қалуды, әр істі жауапкершілікпен атқарып, адал болуды үйретті. Мен әрдайым үлкендердің өсиетінен айнымауға тырысамын, балаларыма да, қоластымдағы қызметкерлеріме де осы ұстанымдарды сіңіремін. Алдыма мақсат қойып, оған жету жолында аянбаймын. Ең бастысы – ешқашан тоқтамау, оқу, іздену, үйрену керек. Мен командада еңбек етемін, ұжымымды өте жақсы көремін.
– Күтпеген жерден алған марапат болды, мен үшін үлкен мәртебе, – дейді Жанат. – Бұл өз ісімнің нағыз маманы атанғанымның көрсеткіші дер едім. Жақындарым да қуанды, жұбайым менімен мақтанады. Әрине, компанияға еңбегімді бағалап, қолдау көрсеткендеріне үлкен алғыс айтамын!
Алена ЕРМОЛАЕВА
Фотоларды Ж.Жакешова ұсынды.