Өткен аптада Ұлытау облыстық мәслихатының VIII шақырылған кезектен тыс он бірінші сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібіндегі бір мәселе денсаулық сақтау саласына қатысты болды. Мандат иелерінің бас жиынында облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов халыққа медициналық қызмет көрсетуде ешқандай іркіліске жол беруге болмайтынын баса айтты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранова баяндама жасады. Ол өз сөзінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу үшін Ұлытау облысында тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрақты тұратын елді мекеннен тысқары жерлерге тегін жол жүруді ұсыну туралы айтты. Аталмыш мәселені тұрақты комиссия отырысында егжей-тегжейлі талқылаған депутаттар бірауыздан мақұлдады.
Ләззат Нәбиқызы осы орайлы сәтті пайдалана отырып, мандат иелерінің назарын сапалы медициналық қызмет көрсетуге аударып, кезек күттірмейтін түйткілді мәселенің де түйінін тарқатты. Басқарма басшысы қаладағы инфекциялық орталықтағы компьютерлік томография құрылғысының істен шығуы жұмыстың жүйелі жүруіне кедергі болып отырғанын айтты.
Мәселенің анық-қанығымен танысқан мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов алдағы уақытта жаңа, сапалы құрылғыға қол жеткізу жайын қарастыру қажеттігін алға тартты. Сапалы қызмет – басты міндет екенін тілге тиек еткен төраға халықты медициналық қызметпен қамтуда іркіліске жол бермеуді баса айтты.
Кезектен тыс сессияда бұдан да өзге көптеген мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Темірхан Жарылғасов пен Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Гүлнар Қошанованы басқа қызметке ауысуына байланысты лауазымдарынан босату туралы мәселе депутаттардың талқысына түсті.
Аталған мәселелерді жіті қараған халық қалаулылары оны бірауыздан мақұлдады. Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына Айдар Байжановты уақытша тағайындау туралы ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тапты. Одан бөлек, Азамат Байзатов Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалды.
Өз кезегінде қызметінен босаған лауазым иелері аз уақыт болса да бір мүддеге бірлесе еңбек етіп, нәтижеге қол жеткізгендерін атап өтіп, әріптестеріне ризашылықтарын білдірді.
Облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов жаңадан құрылған Ұлытау облысының дамуына, қазына қаржысын тиімді игеру турасында жемісті еңбек еткені үшін Темірхан Серғалиұлына алғысын білдіріп, марапат жасады.
Сессия соңында депутат Досбол Мейірбекке республикалық қоғамдық саяси газет редакциясынан келген «Қазақстан Республикасының Үздік депутаты» төсбелгісі салтанатты түрде табысталды.