Мектеп жасындағы білім алушылардың қызығушылығын арттыру барысында пән апталығының орны ерекше. №1 жалпы білім беретін мектебінде 27 қараша мен 1 желтоқсан аралығында химия, биология, география пәндерінің апталығы өтті. Бұл апталықтың басты мақсаты — бұл пәндерді тек сабақ барысында пайдаланбай, өмірмен де байланысты екенін түсіндіру.
Апталықтың жоспары әдістемелік бірлестігінің отырысында қаралып талданды және бекітілді. Апталық барысында мұғалімдер ұйымдастырған іс-шаралар заман талабына сай өтті. Мектептің фойесінде апталықтың жоспары ілініп, әр сыныпқа пән бойынша тапсырылған газет-плакаттардан стенд жасалынды. Lesson study жобасы аясында зерттеу сабақтары өткізілді. Айта кетсек, ең алдымен биология пәнінің мұғалімі Аяулым Балғабаева 8 «ә» сынып оқушыларына “Қан топтары. Қан құю. Резус-фактор” тақырыбында зерттеу сабағын өткізді. Сабақ барысында оқушылардан үй жұмысы түрлі платформалармен, сандар құпиясы, биологиялық диктант алу арқылы тексерілді. Жаңа тақырып барысында, оқушылар топқа бөлініп, тақырып бойынша постер қорғап, бекіту тапсырмаларын сызба түрінде және семантикалық карта арқылы орындады. “Genially” платформасы арқылы тест сұрақтарына жауап берді. Сабақ соңында оқушылар өздерінің сабақта қиындық туғызған кезеңдерін айтып, мұғалімнен сұрақтарына жауап алды.
Келесі кезекте география пәнінің мұғалімі Айнаш Жаңабаева 6 «ә» сыныпта «Гидросфера және оның құрамдас бөліктері» тақырыбында зерттеу сабағын өткізді. Сабақ барысында оқушылардан өткен бөлімді пысықтау үшін Learningapps платформасында сұрақтар қойылды. Жаңа сабақты түсіндіру барысында оқушыларды үш топқа бөліп, мұхиттар тақырыбында постер қорғады. Балаларды сергіту үшін Learningapps платформасында «Австралиялық жаңбыр» тапсырмаларын орындады. Оқушылар жеке жұмыс ретінде оқулық пен атласты пайдалана отырып, өзендер мен көлдер кестесін толтырды. Сабақты қортындылауда оқушылар ішкі сулар тақырыбында пазл құрады. Сабақ соңында қиындық туғызған тапсырмаларды айтып, жақсы түсінгені туралы кері байланыс берді.
Ал, химия пәнінің мұғалімі Нұркен Сарсекеев 8 «ә» сыныбында “Отынның жануы” тақырыбында зерттеу сабағын өткізді. Сабақ барысында оқушылардың теория мен тәжірибені ұштастыра отырып орындаған тапсырмалары сараланды.
Апталықтың ортасында биология пәнінің мұғалімі Аяулым Балғабаева мектеп мұғалімдеріне «Оқыту сапасын арттырудағы смарт технологиялардың рөлі» атты тақырыбында семинар өткізді. Семинар барысында геймификaция және оның элементтері жайлы ақпарат, Quizizz платформасымен таныстыру және практикалық тапсырмалар орындау, LearningApps платформасымен таныстыру және практикалық тапсырмалар орындау, SWOT талдау- қорытынды жасау, сондай-ақ, Kahoot, Educoplay, Genially, Nearpod платформалары және Classroomscreen оқушылармен кері байланыс жасау әдісімен бөлісті.
Сондай-ақ, 10 сыныптар арасында биология, география, химия пәндерінен «Әлемнің ғажайып үш тірегі» тақырыбында интеллектуалды ойын ойнатылды. Ең соңында апталықты «Мектепке гүл сыйла» акциясымен қорытындылады. Сонымен, апталықтың қорытындысы салтанатты жиында жарияланып, апталық аясында өткен шараларға белсене қатысқан оқушылар мадақтама қағаздармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мөлдір ОМАРОВА