Өткен аптада «Өндірісші волонтерлар» тобы кентіміздегі бір топ өнерлі, дарынды бүлдіршіндерді Ұлытау облысының «ULYTAU» телеарнасындағы «Телебалапан» бағдарламасына түсірілімге апарып қайтты. Әр бүлдіршін өзінің бар жетістігімен мақтана білді, өнерлерін жарқырата көрсетті. Кішкентай балапандарымыздан сұхбат алған жүргізушілер де өте талантты балалар болып шықты.
Телерана түсірілімінен кейін жәйремдік кішкентай өнерпаздарды Жезқазған қалалық тарихи археологиялық музейге қыдыртып апардық. Музейді аралаған балаларымыздың көңіл-күйлері ерекше болды. Әсіресе, Жәйрем кентінен табылған алып мүйіз тұмсықтың табан сүйегінің бөлігін балалар ерекше тамашалады. «Біздің ауылда динозаврлар болыпты ғой»,- деп таңданыстарын жасырмады.
Волонтерлар облыс орталығына арнайы балалар үшін барғандықтан, ол жақтың да кішкентай балапандарына сәл де болса қуаныш сыйлағылары келген волонтерлар Жезқазған қалалық жүйке-неврологиялық балалар ауруханасына қажетті заттарды сатып әперді.
Жалпы, осы іссапарға шығарда біз облыс орталығындағы балалар үйінің, жасөспірімдер үйінің басшыларына хабарласып, азды-көпті қажеттерін әперіп, демеушілік жасағымыз келетінін айтқан болатынбыз. Ол кісілер «қажеттінің бәрі бар, ештеңе керек емес» деген соң, біз жоғарыда аталған ауруханаға хабарластық.
Ол жердегі ақ халатты жандар «үкіметтен қаншама көмек берілгенмен, балаларға қажетті заттар жоқ еместігін» айтқан болатын. Бүгін сол қажетті заттарын табыстадық. Балалардың қуаныштарын сырттай бақылап, ерекше сезімге бөлендік.
«Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне берген артық» деген сөз бекерге айтылмағаны анық.
Жәйремдік бүлдіршіндерге де, облыстық бүлдіршіндерге аз да болса қуаныш сыйлаған волонтерлар алғыс арқалап қайтты.
Осы шараны жүзеге асыруға демеушілік жасап, Ұлытау облысына баратын көлікпен қамтамасыз еткен «Жәйрем КБК» АҚ басшыларына шын жүректен алғыс айтамыз!
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.