Тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтайық

Тілсіз жаудың алдын алу, сақтану әсіресе күннің қолайсыз (аязды, боранды күндері) шағында өте қажет. Қысқы жылу маусымы басталғаннан бері, ауа температурасының құбылмалы болуын күнделікті теледидар мен газет беттерінен оқып біліп жүрміз. Сонымен қатар, күннің аязында үй-жайлардағы пештерді жағу кезінде өрт қауіпсіздігін сақтаған жөн. Осының бәрін ескере келе сіздерге өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде қысқаша түсінік беріп, күнделікті тұрмыстағы ескере бермейтін жайларға мұқият болуға шақырамыз.

Қаражал қаласының ТЖБ-нің инженерлік-инспекторлық құрамы және №16 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жылыту маусымы алдында тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша бір айлық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні жалпы саны 415 тұрғын үйлер тексеріліп, 1660 адамға жаднамалар таратылды.

Қаражал қаласының Төтенше жағдайлар бөлімі қысқы жылу маусымында от жағатын тұрғындардың есіне қайталап ескертіп, от жағатын пештерге салғырттықпен қарамай, талапқа сай орнатылуын қадағалауға алып, электр жүйелерін және электр жылытқыш қондырғыларын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына баса назар аударуларын сұраймыз.

От жағатын пеш талапқа сай болмауы салдарынан болған өрт оқиғасы орны толмас қайғылы жағдайларға әкеліп соқтыратыны барлығымызға аян. Жыл басынан бері Қаражал-Жәйрем аймағында 2 өрт оқиғасы тіркелді. Өрт қауіпсіздігі саласындағы талаптарды сақтамағаны үшін, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚРӘҚБК 410-1 бабымен).

Осының бәрін ескере келе сіздерге өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде қысқаша қауіпсіздік ережелерін қайталап ұсынамыз.

— қолдан жасалған электр жылытқыштарын пайдалануға болмайды;

— от жақпастан пештерге өте сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет;

— мұржаларды күл-қоқыстан кемінде айына 1 рет тазартып тұру қажет;

— пеш үстіне жіп керіп кір жаюға, отты жанармаймен тұтандыруға, от жағылған пештерді иесіз қалдыруға немесе оларды жас балаларға тапсыруға болмайды;

— салынған әрбір пештің алдында көлемі 50х70 см темір қаңылтыр төселуі керек;

— пештің ошағын тақтайлы еденнің үстіне орналастырып салуға болмайды;

— пештер мен мұржалардың жанатын ағаш материалдарынан өрт қаупінен сақтайтын заттардан ажыратылым аралықтарының қалыңдығы 38-50 см болуы шарт;

— пештен шыққан күл-қоқыстарын жақын тұрғын үй мен қора-жайлардың қасына төгуге болмайды, ыстық күлге су құйып, суытып арнайы орындарға төгу керек.

Өрт — тілсіз жау. Одан зиян келетін шығын есепсіз. Сондықтан, тілсіз жау өрттен сақтау, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұлжытпай орындау барлығымыздың міндетіміз.

Азаматтар! Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыздар, бұл Сіздің үйіңізді және мүлкіңізді өрттен сақтайды, адамдардың өлімі мен жарақаттануының алдын алады.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолында Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар Департаментінің 51-89-37, Қаражал қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің 2- 76-69, сенім телефондары жұмыс істейтінін хабарлаймыз.

Гүлсара ДЮСЕМБАЕВА,

Қаражал қаласы

Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі.