24.10.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!24.10.2026
Ақпарат ағыны

Жастарды есірткіге тарту тәсілдері және одан қорғану жолдары

24.10.2026 · 01:22 · admin

«Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек»

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Қоғамдағы заң мен тәртіп – бұл адамдар арасындағы өзара қатынастарды реттейтін және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі қағидалар. Қазіргі заманда жаңа заң жобасы әзірленіп, жас жеткіншектердің сапалы білім алып, саналы тәрбие алуына жол ашуда. Жаңа әзірленген заң аясында оқушылардың өзара қарым-қатынасында, қоршаған ортада өзін еркін ұстауына, мемелекет заң шығарып қорғауына алып отыр. Бұл заңда бала құқығының бұзылмауына, балалардың денсаулығы мен білім алуына, өз отбасында ата-анасының қолдауы мен қорғауы қаралған.

Қазақстан зайырлы мемлекет бола отырып заң мен тәртіпті тең дәрежеде ұстауы керек деген қағиданы енгізді. Заң мен тәртіп – Қазақстандағы қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған жоспар құрып отыр. Мемелекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп қағидаты елдегі басты бағдар болып табылады» деп өз Жолдауында нақты айтқан. Сондықтан, құқықтық сауаттылықты арттырып, азаматтық жауапкершілікті күшейту маңызды бастама болып, жүзеге асып отыр. Әрбір азаматтың құқықтық нормаларды сақтауын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамда құқыққа құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай әрбір азамат заң мен тәртіпке бағынуы керек. Тәртіп бар жерде елдің өркендеуі мен жасампаздығы бар мемлекетке айналамыз. Тәртіпті ең алдымен бала өскен ортасы ата-анасы, отбасынан қалыптастырып, қасындағы достарынан, мектептегі ұстаздарының білімінен шыңдайды.

Осы мақсатта Қаражал қаласының № 7 жалпы білім беретін мектебінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында дебат өткізілді. Дебатқа арнайы полиция аға лейтенанты — Лана Кеңесова және халықпен профилактикалық жұмыс жөніндегі маман — Асқар Молдабаев қатысып оқушыларға «Заң мен тәртіп» қағидасы туралы, оның ішінде жастарды есірткіге тарту тәсілдері және одан қорғану жолдары бойынша түсіндірме жұмыс жасады.

Бұл дебаттың басты мақсаты — оқушылардың құқықтық сауаттылық пен заң талаптарын сақтау, азаматтық жауапкершілікті берік ұстану жайында өз ойларын ортаға салу. Оқушылар заң мен тәртіп аясында өз көзқарасын дәлелдеп, пікірталас мәдениетін қалыптастыруда белсенділік танытты.

«Заң мен тәртіп» курсы аясында 6-10 сынып оқушылары арасында «Кәмелетке толмағандардың әкімшілік жауапкершілігі» тақырыбында іс-шара өткізілді. Іс-шараны ұйымдастырған пән мұғалімдері Мақпал Тулегенова мен Сағыныш Сейтжаппарова заң мен тәртіп қағидасы туралы өз ойларын ортаға салды. Іс-шара барысында оқушылар әкімшілік құқық бұзушылық түрлерімен, оқушылар үшін қарастырылған жауапкершілік шараларымен танысып, заңды сақтау мен өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қараудың маңызы талқыланды.

Мектебімізде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Мектептің ішкі тәртіп ережелерін сақтау және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында ата-аналар жиналысы да өткізілді. Полиция аға лейтенанты Лана Кеңесова қатысып, ата-аналарға құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиналыс барысында оқушылардың мектептің ішкі тәртіп ережелерін сақтауы, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қауіпсіз орта мен мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі туралы маңызды мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігіне назар аудару, мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты нығайту жөнінде түсіндірме жұмыстары жасалды. Бала қауіпсіздігі мен тәрбиесі — мектеп пен ата-ананың ортақ жауапкершілігі екенін талқылады.

«Заң мен тәртіп» қағидасында барлық азаматтардың тең құқылы екендігі нақты айтылған. Бұл ретте бала қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамай, баланың тұлға болып қалыптасуына мектеп пен ата-ана тікелей жауапты екенін атап көрсеткен.

Қорытындалай келе, «Заң мен тәртіп» қағидасы барлық азаматтарға ортақ. Бұл қағидада бала қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Заң талаптарына бағыну әрбір азаматтың борышы. Тәртіпке бағынған құл болмайды.

«Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» деп Жүсіп Баласағұн бекерге айтпаған. Қазіргі кезде біз зайырлы мемлекетпіз. Мемлекеттің ішкі тәртібі мен заңына бағынып қана ел боламыз. Жас жеткіншектерді мектеп табалдырығынан заңға бағынуды үйрету, келешекте елдің ел болып қалыптасуына ықпалын тигізеді. Заң мен тәртіпті сақтаған елдің болашағы жарқын болмақ.

Асылзат ОТАРБАЕВА,

 № 7 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің мұғалімі.