Мейірім мен қамқорлық – жүректен

Қаражал қаласында Әлеуметтік қызметкерлер күніне орай «Мейірім мен қамқорлық – жүректен» атты салтанатты іс-шара өтті. Кәсіби мерекеге арналған жиында әлеуметтік қорғау саласында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі дәріптеліп, бірқатарына қала әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Ізгілік пен жанашырлықты ту еткен әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі қоғам үшін қашанда маңызды. Өйткені, олардың күнделікті жұмысы көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетумен, қарттардың жағдайына көңіл бөлумен, ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен қиындыққа тап болған отбасыларға қамқорлық танытумен тығыз байланысты. Бұл – кәсіби біліктілікпен қатар үлкен жүректі, сабырлылықты және адам тағдырына жауапкершілікпен қарауды талап ететін қызмет.
Мерекелік жиында Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғам өміріндегі орнына ерекше тоқталды.
– Әлеуметтік сала – мейірімділік пен адамгершіліктің көрінісі. Сіздердің қолдауларыңыз қажет азаматтарға қамқорлық танытып, өмір сүру сапасын арттыру жолындағы еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Әлеуметтік қызметкер болу – үлкен жауапкершілікті, сабырлылықты, жанашырлықты және адамға деген шынайы құрметті талап ететін мамандық, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, ол әлеуметтік сала мамандарының әрбір игі ісі мен жылы сөзі көмекке мұқтаж жандарға үміт сыйлап, олардың қоғамға деген сенімін арттыратынын атап өтті. Қаланың әлеуметтік саласын дамытуға қосқан үлестері үшін қызметкерлерге алғыс білдіріп, ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, бүгінде құрметті зейнет демалысына шығып жатқан азаматтарды да ерекше құрметпен құттықтады.
Салтанатты шара барысында әлеуметтік салада табысты еңбек етіп, қоғам өміріне белсенді араласып жүрген мамандар марапатталды. Қаражал қаласы әкімінің Алғыс хаттары азаматтарға қызмет көрсету саласында және әлеуметтік қолдау бағытында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерге табысталды. Олардың қатарында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қаражал қалалық филиалының мұрағатшысы, сондай-ақ, Қаражал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің» қызметкерлері Айгүл Бейсембекова, Қамар Манабаева, Жаннұр Ғазизқызы бар.
Бұл марапаттар – мамандардың күнделікті еңбегіне көрсетілген құрметтің, олардың жауапкершілігі мен адамға деген жанашырлығының бағасы. Үйде әлеуметтік көмек көрсету қызметкерлері өзгенің қолдауына мұқтаж азаматтарға тұрғылықты жерінде көмек беріп, олардың күнделікті тіршілігін жеңілдетуге үлес қосып келеді. Осындай еңбектің арқасында қарттар мен ерекше қажеттілігі бар жандар өздерін қоғамның назарынан тыс қалмағанын сезінеді.
Мерекелік жиында әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі тек кәсіби міндеттерді орындаумен шектелмейтіні де атап өтілді. Олардың қызметі – адамға үміт сыйлау, қиын сәтте демеу болу және әр азаматтың қадір-қасиетін құрметтеу. Сондықтан, әлеуметтік сала мамандарының еңбегін бағалау – қоғамдағы ізгілік пен өзара қолдау құндылықтарын дәріптеудің маңызды көрінісі.
Іс-шара соңында сала қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілектері айтылды. Қаражал қаласында өткен мерекелік басқосу адамға қамқорлық танытып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып жүрген мамандарға көрсетілген құрметтің жарқын үлгісіне айналды.
Мейірім мен қамқорлықты өмірлік ұстанымына айналдырған әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі әрдайым алғысқа лайық. Себебі, олардың әрбір игі ісі – адамға деген құрметтің, жүрек жылуының және қоғам алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.