Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршаға ортақ міндет

Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететін, қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сеніміне нұқсан келтіретін күрделі мәселе. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жасау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағытта заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар жүзеге асырылып, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда ең алдымен әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігін арттыру маңызды. Заң талаптарын білу, өз құқықтары мен міндеттерін түсіну, пара бермеу және пара алмау – жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізгі қадамдары. Мемлекеттік қызметшілер үшін адалдық пен кәсібилік – басты қағидаттардың бірі. Қызметтік өкілеттіктерді жеке басының пайдасына пайдалануға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге жол берілмеуі тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметші өз қызметін халықтың игілігі үшін атқарып, қабылдайтын шешімдерінің заңдылығы мен әділдігіне жауапты екенін сезінуі қажет. Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету саласында цифрландырудың дамуы да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Электрондық қызметтердің қолжетімді болуы азамат пен мемлекеттік орган арасындағы тікелей байланысты азайтып, қызмет көрсету үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде адами факторды төмендетіп, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғамның белсенділігі де ерекше маңызды. Заң бұзушылыққа немқұрайлы қарамау, құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу және тиісті жағдайларда уәкілетті органдарға хабарлау – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстары жастар арасында да жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Өйткені, адалдық, әділдік, заңға құрмет сияқты құндылықтар жас кезден қалыптасады. Жастардың бойында еңбекпен жетістікке жету, заңды құрметтеу және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну қағидаттарын қалыптастыру – болашақтың берік негізі. Сыбайлас жемқорлықты жою тек жазалау шараларымен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – оның пайда болуына себеп болатын жағдайлардың алдын алу, қоғамда адалдық пен әділдік құндылықтарын нығайту. Әрбір азамат «жемқорлыққа жол бермеу – менің де міндетім» деген ұстаным қалыптастырған кезде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Адал қоғам – әділетті мемлекеттің негізі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршаға ортақ міндет.

Қаражал қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы.