Қай заманда да ел еңсесін тіктеп, қоғамды алға сүйрейтін негізгі күш – маңдай терімен адал нанын тапқан қарапайым еңбек адамы. Еңбекті өмірінің мәні мен мәртебесіне айналдырған, өз ісіне адалдығымен ел құрметіне бөленген сондай дара тұлғалардың бірі – Қаражал өңірінің ардақты азаматы, өндірістің шыңдалған ардагері Есенбай Сағындықов.
Есенбай ата 1948 жылдың 6 желтоқсанында Дружба совхозы, Ескене ауылында дүниеге келген. Тағдыр ағысымен 1956 жылы отбасы Қаражал қаласына көшіп келеді. Осы қаладағы № 3 орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылады. Әскери міндетін абыроймен атқарып оралған жас жігіт еңбек жолын Ақтай ауылындағы карьерде экскаваторшы болып бастайды. Білімге деген ұмтылыс пен кәсіби біліктілікті арттыру арманы оны 1974 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне алып келді. Онда көлік-жол факультетінің «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» мамандығы бойынша білім алып, инженерлік біліктілікті меңгеріп шығады. Жоғары білімді, инженерлік біліктілігі терең маман ретінде Есенбай ата өзінің барлық қайраты мен білімін туған өңірінің өндірістік әлеуетін арттыруға арнады. Еңбек жолының маңызды белестерінде ол жауапты қызметтерді атқарып, өзін ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, іскер басшы ретінде көрсете білді. Алғашқыда Қаражал автобазасында қарапайым механик болып бастап, ізденімпаздығының арқасында колонна бастығы қызметіне дейін көтерілді. Кейіннен шахтаның автокөлік цехында (АТЦ) механик, колонна бастығы, ақырында бас инженер лауазымдарын абыроймен атқарып, өндірісті үздіксіз әрі тиімді ұйымдастыруда жоғары кәсібилік пен мол тәжірибе танытты. Уақыт өте келе облыс орталығы Қарағанды қаласына көшіп, «Қазпошта» мекемесінде бас механик болып еңбек етті. Десе де, туған жердің ыстық ықыласы мен тартуы оны қайтадан Қаражал топырағына алып келді. Қалаға оралған соң, «Өркен-Атасу» ЖШС-нің автокөлік цехында аянбай еңбек етіп, 2011 жылы осы өндіріс ошағынан қадірлі демалысқа шықты. Жалпы 43 жылдық бай еңбек өтілі бар Есенбай ата – өз ісінің нағыз шебері, өндірістің ыстықсуығын қатар кешкен, жастарға ақылшы бола білген тәжірибелі маман. Оның ерен еңбегі, туған өлкеге сіңірген, тер төккен қызметі мен саланың дамуына қосқан сүбелі үлесі лайықты бағаланып, бірнеше рет мемлекеттік және салалық жоғары марапаттармен марапатталды. Өндірістегі беделімен қатар, Есенбай ата отбасында да ұлағатты отағасы. 1975 жылы Гүлзия апамызбен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Бүгінгі таңда бұл әулет – 4 ұл мен 4 қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, немере-шөбере сүйіп отырған ордалы ошақтардың бірі. «Әке көрген оқ жонар…» демекші, бүгінде балалары да ата жолын қуып, «Өркен» ЖШС-де жемісті еңбек етіп, әулеттің мерейін тасытып келеді. Есенбай ата өмірдің әрбір белесінде адалдық пен имандылықты серік етті. Ізгілікті ту еткен ол исламның бесінші шарты – қажылық парызын да өтеп, рухани биіктікке көтерілді. Бүгінде елдің батасын алған ақсақал ретінде өнегелі өмір жолымен жастарға үлгі болып, әулетінің сүйеніші, өңірдің ардақты азаматы болып отыр. Есенбай атаның 43 жылдық еңбек соқпағы мен ұлағатты отбасылық өмірі – бүгінгі ұрпақ үшін шынайы отансүйгіштік пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
