Адалдық – жемқорлыққа қарсы қоғамның негізі

Қоғамның тұрақты дамуы мен ел болашағының жарқын болуы әр азаматтың заңға құрметпен қарап, өз міндетін адал орындауына тікелей байланысты. Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кері әсер ететін, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін күрделі әлеуметтік мәселе. Осыған орай Қаражал қаласының орталық кітапханасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың міндеті» тақырыбында пікірталас форматындағы дебат ойыны ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық сауаттылығын арттыру, адалдық пен парасаттылық құндылықтарын насихаттау, заңды құрметтеуге және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу.

Дебатқа қатысушылар екі командаға бөлініп өзара пікір алмасты. «Адал ұрпақ» және «Заң және тәртіп» командалары сыбайлас жемқорлықпен күрестегі азамат пен мемлекеттің рөлі туралы өз ұстанымдарын ортаға салып, тақырыпқа қатысты нақты дәлелдер келтірді.

Пікірталас барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әр азаматтың жауапкершілігі қандай болуы керектігін талқылады. Әсіресе, пара бермеу және пара алмау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, заңсыз әрекеттерге немқұрайлы қарамау, қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Дебат бірнеше кезең бойынша өтті. Алдымен командалар өздерін таныстырып, ұстанымдары мен девиздерін жеткізді. Кейін қарсы сұрақтар кезеңінде қатысушылар бір-біріне тақырып аясында сауалдар қойып, өз пікірлерін қорғады. Бұл кезең жастардың ойлау қабілетін, шешендік өнерін және өз ойын дәлелді түрде жеткізу шеберлігін көрсетті.

Іс-шараның қызықты бөлімдерінің бірі – жағдаяттық көрініс болды. Қатысушыларға өмірде кездесуі мүмкін түрлі жағдайлар ұсынылып, олардан заңсыз ұсынысқа тап болған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі сұралды. Командалар әр жағдаятқа өз шешімдерін ұсынып, заң талаптарын сақтау мен азаматтық ұстанымның маңыздылығын атап өтті.

Пікірталас соңында командалар қорытынды сөздерін айтып, өз ұстанымдарын тағы бір мәрте қорғады. Қатысушылардың белсенділігі, дәлелдері, сөйлеу мәдениеті, тапқырлығы және командалық жұмысы қазылар алқасы тарапынан бағаланды.

Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлықпен күрестің тек мемлекеттік органдардың міндеті емес екені, бұл бағытта қоғамның әр мүшесінің жауапкершілігі бар екені кеңінен айтылды. Мемлекет заңнамалық және институционалдық тетіктер арқылы жемқорлықтың алдын алуға жағдай жасаса, азаматтар заңды сақтау, пара ұсынбау, пара алмау және заңсыздыққа жол бермеу арқылы өз үлесін қоса алады. Дебат қорытындысы бойынша белсенді қатысушылар «Үздік пікір білдіруші», «Үздік спикер», «Үздік команда» номинацияларымен марапатталды. Жастар арасында осындай пікірталас алаңдарын ұйымдастыру – олардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты маңызды адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруге мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Өйткені, адал қоғам бір күнде қалыптаспайды. Ол әр адамның күнделікті таңдауы мен әрекетінен басталады. Заңды құрметтеу, өз құқығын білу және адалдықты өмірлік қағида ету – жемқорлыққа қарсы күрестің ең маңызды қадамдарының бірі. Адалдықты таңдау – әділетті қоғамды таңдаумен тең.

Қарлығаш ШАКЕНОВА,

 Қаражал қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.