Тіл – ұлттың ұлы қазынасы

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Бұл дата – жай ғана мерекелік күнтізбенің парағы емес, ұлттың ар-ожданы, биік рухы шалқитын айтулы күн. Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани өзегі, ғасырлар қойнауынан жеткен баға жетпес мұра. Атаулы мейрамның қазақтың біртуар перзенті, «Ұлт ұстазы», ағартушы, ғалым әрі ақын Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келуінде терең сыр мен абыройлы сабақтастық жатыр. Қазақ халқы үшін тіл тағдыры мен ұлт тағдырын егіз ұғымға айналдырған Ахаңның: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ұлағатты сөзі – бүгінгі мен болашақ ұрпақ үшін мәңгілік бағдар.

Осы бір тағылымды мерекеге орай кенді Қаражал төрінде «Тіл – ұлттың ұлы қазынасы» атты салтанатты тіл фестивалі жоғары деңгейде өтті. Бұл басқосу – ана тіліміздің қадір-қасиетін асқақтатып, ел ішіндегі достық пен ынтымақты насихаттаған нағыз руханият тойына айналды.

Салтанатты кешке қала тұрғындары, ұстаздар, өнерпаздар мен өскелең жастар жиналды. Мерекенің ең әсерлі әрі тебірентер сәті – қараған жанның жүрегін елжіреткен өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілдегі жүрекжарды құттықтаулары болды. Ана тілімізде сайрап, қазақтың әуезді әнін әуелеткен өзге ұлт өкілдерінің бұл өнері – мемлекеттік тілге деген шынайы құрмет пен шыңдалған ел бірлігінің жарқын көрінісі еді.

Кеш көркін кіргізген «Каражалочка» тобы өнерпаздарының шырқаған өнегелі әндері көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымы әзірлеген танымдық ойын жиналған жұрттың білімін саралап, кештің мазмұнын одан әрі байыта түсті.

Мұндай тағылымды шаралар өскелең ұрпақтың бойында ана тіліне деген сүйіспеншілікті арттырып, ұлттық рухын шыңдайтыны сөзсіз. Ана тілін ардақтау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Өзге тілдерді құрметтей отырып, ана тілінің мәртебесін биіктету – мәдениетті қоғамның басты белгісі. Тіл – халықтың өткені мен болашағын жалғайтын, атадан балаға аманат болып қалатын алтын көпір.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ