«БАҚ пен билік арасында ешқандай бөгет болмайды» Бұл – облыс әкімі Есет Байкеннің байламы

Бейсенбінің таңында Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері мен журналистерін шақырып, еркін форматта пікір алмасты. Ресми жиынға ұқсамаған кездесуде өңір басшысы БАҚ өкілдерімен ашық әңгімелесіп, журналистердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. «БАҚ пен билік арасында ешқандай бөгет болмайды» деген байламын да облыс әкімі осы кездесуде айтты.

Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы бұрынғы салмағы бәсеңдеп бара жатқаны жасырын емес. Кезінде «төртінші билік» деп төрге шығарылған дәстүрлі БАҚ бүгінде ақпарат кеңістігінде әлеуметтік желілермен және блогерлермен бәсекеге түсіп отыр. Бұған ақпараттың таралу жылдамдығы мен әлеуметтік желілердің көпшілікке қолжетімділігі себеп. Әлеуметтік желідегі кез келген жазба әп-сәтте тарап, жұртшылықтың назарын өзіне аударуы мүмкін. Алайда, ақпараттың ақ-қарасын ажыратпай жатып, әлеуметтік желідегі әрбір жазбаға сене берудің соңы қоғамды жаңсақ пікірге жетелейтіні де белгілі. Бір кездері билік өкілдері де блогерлерді ақпаратты жедел тарататын тиімді құрал ретінде қабылдап, олармен етене жұмыс істей бастады. Алайда, оның екінші жағы да көрінді. Елдің сөзін сөйлеп, мұңын мұңдаймыз деген кейбір блогерлер атқарылған ауқымды жұмыстардан гөрі, ұсақ-түйек кемшіліктерді үлкейтіп көрсетуге бейім болып, билік пен халықтың арасына сызат түсіретін пікірлер тарата бастады. Содан кейін бе, соңғы уақытта шенділердің дәстүрлі БАҚ-қа қайтадан бет бұра бастағаны байқалады. Бұл үрдіс Ұлытау облысының әкімі Есет Байкеннің журналистермен кездесуінен де анық аңғарылды. Ал енді негізгі әңгімеге көшелік. Кездесуде екі тарап та өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды талқылап, оларды ақпараттық сүйемелдеу бағыттарын сөз етті. – Облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының өңір өміріне қатысты кез келген мәселені оқырмандары мен көрермендеріне ашық әрі нақты деректермен жеткізіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына халықты жұмылдыру бағытындағы жүйелі жұмыстары мені қуантады. Осы бағыттағы жұмыстарымызды одан әрі ұштастырып, бірлесе жұмыс жасауға шақырамын. Бұл жолда билік пен БАҚ арасында ешқандай кедергі, бөгет болмауы тиіс, – деді Есет Берікұлы. Облыс басшысы өңірдің қазіргі даму барысы мен алдағы жоспарлары жөнінде де кеңінен әңгімеледі. Әңгіме ауанынан аңғарылғаны – аймақта ауқымды жобаларды жүзеге асыруға басымдық берілмек. Әсіресе, құрылыс саласында жаңа серпін байқалатын сыңайлы. Денсаулық сақтау мен білім беру салаларында да бірқатар жаңа жобалар қолға алынбақ. Іргелі оқу орындары мен заманауи медициналық мекемелер ашу жоспарда бар. Бұл ретте өңір үшін маңызды міндеттердің бірі – өзге аймақтарда білім алып жатқан жастарды туған жеріне қайтару. Жаңа оқу орындарында білім алуға, кейін еңбек жолын өз өңірінде бастауға мүмкіндік жасау да күн тәртібінде тұр. Кездесуде ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, жаңалықтарды жедел әрі сапалы жеткізу, сондай-ақ, БАҚ пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту мәселелері де қозғалды. – Жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желілерде «Ұлытау облысында бес жылда бұрау басы сынбады, жасалған жұмыстардың сапасы сын көтермейді» деген елдің сеніміне селкеу түсіретін әңгімелер айтылып жатады. Рас, кем-кетігіміз жоқ емес. Бірақ, істелген істі істелді деп әділ бағасын айту керек. Осы орайда өңірімізде жүзеге асып жатқан ауқымды жұмыстарды көрсету, ашық әрі нақты ақпарат тарату үшін арнайы пресс-турлар ұйымдастыратын боламыз. Сол арқылы құрылыс алаңдары мен жол құрылысы жүріп жатқан аумақтардан тікелей репортаж жасауға мүмкіндік беріледі. Мемлекеттік мекемелердің басшылары мен жауапты мамандары атқарылған жұмыстарын көрсету үшін жергілікті БАҚ өкілдерімен өздері байланысатын болады, – деді Есет Байкен. Бұл бастама журналистер үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Өйткені, ресми ақпарат пен әлеуметтік желідегі түрлі пікірдің арасындағы алшақтықты азайтудың бір жолы – жұмыстың нәтижесін халыққа тікелей көрсету. Жиында журналистер де өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Өңірдегі ақпараттық саясатты жетілдіру, жергілікті басылымдарға жазылу, қаржыландыру, мемлекеттік тапсырыс аясындағы тендердің өткізілу мерзімі және кадр мәселелері кеңінен сөз болды. Осы мәселелердің бірқатарына қатысты облыс әкімі нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, мемлекеттік тапсырыс бойынша тендерді желтоқсан айында өткізу, кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында журналистерді баспанамен қамту мәселесін қарастыру және қаржылық қолдау тетіктерін пысықтау міндетін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаевқа жүктеді. Өздерін кейде «өгей баланың» күйін кешкендей сезінетін журналистер қауымы үшін бұл ұсыныстардың орны бөлек. Айтылған мәселелердің назарға алынуы БАҚ өкілдерінің көңіліндегі күпті ойды сейілтіп, алдағы жұмысқа деген сенімді арттырғаны анық. Кездесу соңында БАҚ өкілдерімен тұрақты әрі ашық диалогты жалғастыру, халыққа маңызды ақпаратты уақытылы әрі нақты жеткізу және өзара ынтымақтастықты күшейту бағыттары айқындалды. Ең бастысы, өңір басшысының сөзі мен журналистердің ұсынысы бір арнаға тоғысты. Билік те, БАҚ та бір-біріне қарсы емес, халық үшін жұмыс істеуі керек. Ал бұл үшін екі тараптың арасында кедергі де, бөгет те болмағаны жөн.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ