Газетімізде бұдан бұрын да жазғанымыздай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші шақырылымының алғашқы сессиясы өткені мәлім. Онда жаңа заң шығарушы органның басшылығы мен комитеттері жасақталды. Сонымен қатар, Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс те болды.
Депутаттардың шешімімен Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланды. Оның орынбасарлары қызметіне Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиева сайланды.
Сондай-ақ, жаңа заң шығарушы органда барлығы сегіз комитет құрылды. Олардың жетеуін Парламенттегі басымдыққа ие «Әділет» партиясының депутаттары басқарады. Ал Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы болып «Ауыл» партиясының өкілі Серік Егізбаев сайланды. Комитеттерді басқарған депутаттар қатарында Асхат Аймағамбетов, Үнзила Шапақ, Ольга Перепечина, Әмірбек Оспанбеков, Марат Қожаев, Дархан Ахмедиев және Наталья Годунова бар. Олар тиісінше әлеуметтік-мәдени даму, конституциялық заңнама және құқық қорғау, қаржы және бюджет, өңірлік және инфрақұрылымдық даму, халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік, цифрландыру және ғылым, сондай-ақ, экономикалық саясат бағыттарына жетекшілік етеді.
Құрылтайдың жаңа комитеттер жүйесі бұрынғы Парламент құрылымынан ерекшеленеді. Бұған дейін Мәжілісте жеті, Сенатта алты бейінді комитет жұмыс істеген.
Сайлаудан кейін министрлер кабинеті де қайта жасақталды. Премьер-министр Олжас Бектенов өз қызметін сақтап қалды. Ал төрт министрлікке жаңа басшылар тағайындалды. Мұхтар Тілеуберді Сыртқы істер министрі, Мұрат Мұханов Төтенше жағдайлар министрі, Арман Қырықбай Мәдениет және ақпарат министрі, Әлібек Қуантыров Экология және табиғи ресурстар министрі қызметіне келді.
Сонымен бірге, жаңа саяси жүйеде Вице-Президент институты енгізіліп, 31 тамызда Ерлан Қарин Қазақстанның Вице-Президенті болып тағайындалды. Вице-Президент Президентке бағынышты және оны қызметінен босату құқығы Мемлекет басшысына тиесілі.
Осылайша, Құрылтайдың алғашқы сессиясында жаңа заң шығарушы органның басшылығы мен тұрақты комитеттері жасақталып, атқарушы биліктегі бірқатар лауазымдар жаңарды. Бұл өзгерістер Жаңа Қазақстандағы елдің жаңа саяси және мемлекеттік басқару жүйесінің институционалдық негізін қалыптастыруға бағытталған.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
