ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУ — ҮЛКЕН АБЫРОЙ

Нағыз ерлік — ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік ала білуден басталады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі — еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын арнаулы мемлекеттік орган. Оның маңызды міндеттерінің бірі — Мемлекет басшысының және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаның эталондарын күзету, салтанатты және хаттамалық іс-шараларға қатысу қызметтің маңызды бағыттарына жатады.

Бұл қызметке кез келген адам емес, өзіне жоғары талап қоя білетін, тәртіпті, төзімді, табанды әрі Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға дайын азаматтар келеді.

ҚР МКҚ-ның Айрықша мақсаттағы күштерінің «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктері — әскери шеберлік пен жауынгерлік рухты талап ететін ерекше бағыт.

Егер сіз 18-27 жас аралығындағы, бойы 180 см-ден төмен емес, орта, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар азамат болсаңыз, өз күшіңізді сынап, елге қызмет етудің осы ерекше жолын таңдауға мүмкіндік бар. Спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлерге басымдық беріледі.

Әскери қызметті аяқтаған соң ҚР МКҚ қатарында келісімшарт бойынша қызметті жалғастыруға мүмкіндік бар.

Ел қорғайтын азамат болу — атақ емес, жауапкершілік.

Жауапкершілікті арқалау — нағыз азаматтың таңдауы.

Өз болашағыңды таңда. Отанға қызмет ет.

Қазақстанның қауіпсіздігіне өз үлесіңді қос!