Сайлауалды науқанның жаңа сипаты: бәсеке, цифрлық коммуникация және ашық пікірталас

23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы жақындаған сайын елдегі саяси өмір қыза түсті. Сайлауалды үгіт-насихат кезеңіне қадам басқан партиялар өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесулер өткізіп, өз бағдарламалары мен бастамаларын таныстыруда. Биылғы науқанның ерекшелігі – дәстүрлі форматтан гөрі ашық диалогқа, цифрлық коммуникацияға және қоғамдық пікірталасқа басымдық берілуі. Әлеуметтік желілердегі белсенділік, интерактивті кездесулер, жаңа үгіт тәсілдері мен партиялар арасындағы ашық бағдарламалық пікірталастар қазіргі саяси науқанның мазмұнын айқындап отыр. Бұл үрдіс саяси күштердің тек өз ұстанымдарын таныстырумен шектелмей, сайлаушылар сенімі үшін жаңа форматтағы бәсекеге көшкенін көрсетеді.

Қазақстандағы сайлауалды үгіт-насихат науқаны алғашқы күндерден-ақ жаңа саяси коммуникацияның қалыптасып келе жатқанын аңғартты. Егер бұрын сайлауалды кезең негізінен ресми кездесулер, бағдарламаларды таныстыру және дәстүрлі үгітпен шектелсе, биыл партиялар әлеуметтік желілерді, ашық алаңдарды, интерактивті форматтарды және тікелей пікірталастарды белсенді пайдалана бастады.

Науқанның алғашқы аптасының қорытындысы көрсеткендей, саяси ұйымдар енді өз бағдарламаларын таныстырумен ғана шектелмей, сайлаушылардың назарын аудару үшін түрлі коммуникациялық тәсілдерді қолдануға көшті.

Бұл сайлауалды бәсекенің жаңа кезеңге өткенін білдіреді.

Әр партия – өз аудиториясы

Үгіт жұмыстарының мазмұны әр партияның саяси бағыты мен негізгі электоратына сәйкес қалыптасып келеді.

«Әділет» партиясы өңірлердегі кездесулерді мәдени-көпшілік шаралармен ұштастыруды таңдады. Түркістан қаласында өткен кездесулерден кейін ұйымдастырылған концерттік бағдарлама мен дрон-шоу жастар аудиториясын тартуға бағытталған жаңа формат ретінде бағалануда. Мұндай мәдени-көпшілік шара аптаның басында Ұлытау облысында да өтті. Жезқазған қаласында болған концерттік бағдарламаға жұртшылық өңірдің әр аймағынан арнайы келіп тамашалады. Сонымен қатар, спорт пен бұқаралық дене шынықтыру мәселелері де күн тәртібіне шығарылды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) сараптамалық пікірталас форматына басымдық беріп, бәсекелес партиялардың бағдарламаларына ашық сын айтты. Бұдан бөлек, республикалық деңгейде ұйымдастырылған скандинавиялық жүріс акциясы партияның әлеуметтік белсенділік пен бұқаралық іс-шараларды қатар алып жүруге ұмтылысын көрсетті.

«Байтақ» жасылдар партиясы өз қызметін экологиялық мәселелер төңірегінде жалғастырып келеді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту, биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық заңнаманы жетілдіруге арналған бастамалар партияның тұрақты саяси бағытын айқындай түсті.

Қазақстан Халық партиясы еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында әлеуметтік саясат мәселелеріне басымдық беріп, азық-түлік бағасын мемлекеттік реттеу мәселесі бойынша өз ұстанымын білдірді. Сонымен қатар, өзге партиялардың әлеуметтік бастамаларына қатысты пікірлерін жария түрде жеткізді.

«Ауыл» партиясы өңірлердегі дәстүрлі кездесулерді ұлттық құндылықтармен ұштастырып, брендтелген киіз үйлер арқылы халықпен тікелей байланысты күшейтуге назар аударды. Сонымен бірге, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер арқылы азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, өзге партиялардың кадрлық саясатына қатысты пікірталасқа қатысты.

Ашық пікірталас – саяси бәсекенің жаңа кезеңі

Науқан барысында ерекше назар аудартқан оқиғалардың бірі – «Ақ жол» мен Respublica партиялары арасындағы бағдарламалық пікірталас болды. «Ақ жол» партиясы Respublica бағдарламасының жекелеген тұстары мен партия өкілдерінің қоғамдық қызметі арасындағы сәйкестік мәселесін көтерсе, Respublica өз кезегінде «Ақ жолдың» өнеркәсіптік саясатқа қатысты ұсыныстарына сын айтып, экономиканы дамыту жөніндегі балама көзқарасын ұсынды.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай ашық пікірталастар сайлауалды науқанның мазмұнын байытып, сайлаушылардың партиялардың ұстанымдарын жан-жақты салыстыруына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бағдарламалардың нақты мазмұнына, оларды іске асыру тетіктеріне және саяси жауапкершілікке деген қоғамдық сұранысты күшейтеді.

Цифрлық кеңістік – басты алаңға айналды

Биылғы науқанның тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік желілердің негізгі коммуникациялық құралдардың біріне айналуы. Партиялар қысқа бейнероликтер, тікелей эфирлер, интерактивті кездесулер және цифрлық контент арқылы әртүрлі аудиториямен байланыс орнатуға күш салуда. Бұл үрдіс әсіресе, жастардың саяси белсенділігін арттыруға бағытталғанымен, саяси коммуникацияның жеделдігі мен ашықтығын да күшейтіп отыр.

Сонымен бірге, әлеуметтік желілер партиялар арасындағы пікірталастың негізгі алаңына айналып келеді.

Сайлау мәдениетінің жаңа кезеңі

Қазіргі сайлауалды науқан партиялардың тек бағдарламалық ұстанымдарын ғана емес, олардың қоғаммен қарым-қатынас орнату тәсілдерін де көрсетіп отыр. Ашық пікірталастардың көбеюі, дәстүрлі емес үгіт форматтарының қолданылуы және цифрлық коммуникацияның кеңеюі саяси бәсекенің жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартады.

Сонымен бірге, мұндай жағдайда партиялар үшін тек жарқын ақпараттық науқан өткізу жеткіліксіз. Сайлаушылар нақты ұсыныстардың өміршеңдігіне, олардың жүзеге асу тетіктеріне және қоғамдық мәселелерді шешудегі тиімділігіне көбірек мән береді.

Осылайша, үгіт-насихат кезеңінің алғашқы аяқалыстары қазіргі сайлауалды науқанның бұрынғы тәжірибеден өзгеше сипат алып, мазмұндық бәсекеге, цифрлық коммуникацияға және ашық саяси пікірталасқа негізделе бастағанын көрсетті.

Алдағы кезеңде партиялардың негізгі сынағы – қоғамдық сенімді нақты бағдарламаларымен, дәйекті ұстанымымен және тиімді коммуникациясымен нығайта білу

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ