Заң мен тәртіпке адал қызмет

23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Бұл қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, заң үстемдігін сақтауға қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі. Ел тыныштығын күзетіп, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Қаражал қаласы полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Дамир Бегманов.

Полиция қызметі – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін мамандық. Бұл салада қызмет ету үшін заңды жетік білу жеткіліксіз. Мұнда адам тағдырына бейжай қарамайтын жүрек, әділ шешім қабылдайтын парасат, қиындыққа мойымайтын мінез қажет.

Осындай қасиеттерді бойына сіңіре білген Дамир Болатұлының қызмет жолы көпшілікке үлгі боларлық. Дамир Бегманов 1996 жылы 9 қазанда Қаражал қаласында дүниеге келді. Қаладағы № 7 жалпы білім беретін мектепте білім алып жүрген кездің өзінде болашақ мамандығын айқындап қойған еді.

Бала кезінен полиция қызметкері болуды армандаған ол 2014 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түседі. Төрт жыл бойы кәсіби білім алып, құқық қорғау қызметінің қыр-сырын меңгереді.

2018 жылы «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша құқық бакалавры дәрежесін алып шығады. Академия қабырғасындағы жылдар оның болашақ қызметіне берік негіз қалады. Тәртіп пен жауапкершілікке құрылған оқу жүйесі жас талапкердің мінезін қалыптастырып, алдағы күрделі міндеттерге дайындады.

Еңбек жолын 2018 жылдың 12 қаңтарында Қаражал қаласы полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінде тергеуші болып бастайды. Жас маман ретінде оған қылмыстық істерді тергеу тапсырылған сәттен бастап ол бұл қызметтің қаншалықты жауапты екенін түсінді.

2018 жылдан 2024 жылға дейін тергеуші және аға тергеуші лауазымдарын атқарып, түрлі деңгейдегі қылмыстық істерді тергеді. Бүгінде Қаражал қаласы полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып тергеу, анықтау және криминалистикалық қызметтердің жұмысын үйлестіреді.

Полиция қызметкерінің жұмысы белгіленген уақытпен шектелмейді. Қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселе туындаса, тәртіп сақшылары кез келген уақытта қызметке кірісуге дайын тұрады.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдарында нақты жұмыс уақыты деген ұғым әрдайым сақтала бермейді. Себебі, қылмыс пен құқық бұзушылық уақыт таңдамайды.

Қызметтегі жоғары нәтижелері үшін Дамир Болатұлы бірнеше мәрте марапатталды. Ол «Қазақстан Республикасы тергеу органдарына 60 жыл», «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметінің 10 жылы», «Қазақстан полициясына 30 жыл» медальдерінің иегері.

Сонымен қатар, көптеген алғыс хаттар, құрмет грамоталар мен ведомстволық марапаттарға ие болды. Ішкі істер органдары жүйесіндегі ең жоғары сыныптық біліктілік саналатын «Тәлімгер» арнайы сыныптық біліктілігіне ие болуы да оның кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Биыл Қазақстан полициясы күні қарсаңында Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «Үздік қызметкері» ведомстволық төсбелгісімен марапаттауға ұсынылуы – оның көп жылғы еңбегінің лайықты бағасы.

Дамир Болатұлына полиция қызметіндегі қиындықтар мен оның өмірлік ұстанымдары туралы былай деп әңгіме өрбітті.

– Біздің қызметте қиындықтар аз емес. Тергеуші немесе полиция қызметкері үшін әрбір іс маңызды. Себебі, адамның тағдырына қатысты мәселелерде қателесуге болмайды. Бір шешімнің өзі бірнеше адамның өміріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан, әрбір құжатқа, дәлелге аса мұқият қарау керек.

Менің ойымша, полиция қызметкерінің бойында ең алдымен жауапкершілік пен адалдық болуы керек. Сонымен қатар, күйзеліске төзімділік өте маңызды. Себебі, біз түрлі жағдайлармен, әртүрлі тағдырлармен бетпе-бет келеміз. Осындай кезде эмоцияға берілмей, заң аясында дұрыс шешім қабылдау қажет Менің өмірлік ұстанымым – адал әрі заң жүзінде қызмет ету. Қандай жағдай болмасын заңды сақтау керек, – дейді майор.

Қызметтің ауыртпалығы мен жауапкершілігіне қарамастан, ол өзін кәсіби тұрғыдан үнемі жетілдіруге уақыт табады. Дамир Болатұлы бос уақытында кітап оқығанды, сот тәжірибелерін зерттегенді ұнатады.

Полиция қызметкерінің ең үлкен мақтанышы қызметтік жетістіктер емес, оның отбасы. Дамир Болатұлы жұбайы Гаухармен бірге егіз ұлдары Аслан мен Арланды тәрбиелеп отыр.

– Қызметтің ерекшелігіне байланысты жұмыста көп уақыт өткізетін кездер болды. Тіпті, балаларымның қалай тез өсіп кеткенін байқамай қалған сәттерім бар. Әрине, мұның бәрі отбасына әсер етеді. Бірақ, уақыт өте келе отбасым менің қызметімнің ерекшелігін түсініп, өз қолдауларын көрсетті.

Қазір отбасым – менің ең үлкен мақтанышым. Ең алдымен, ата-анама алғыс айтамын. Олар менің барлық шешімдерімді қолдап келеді. Жарыма және балаларыма да ризамын. Олардың қолдауы болмаса, қызметте де жетістікке жету қиын, – дейді полиция майоры.

Кәсіби мереке қарсаңында ол полиция қызметін таңдаған жастарға былай деп өз лебізін білдірді:

– Полиция қызметі оңай емес. Бұл мамандыққа моральдық, психологиялық және физикалық тұрғыдан дайын болу қажет. Ең бастысы – халыққа адал қызмет етуге ұмтылу керек. Жас мамандарға табандылық пен сәттілік тілеймін.

Кәсіби мереке қарсаңында қоғам тыныштығын күзетіп жүрген барлық полиция қызметкерлеріне құрмет көрсету біздің басты міндетіміз. Солардың қатарындағы полиция майоры Дамир Бегмановтың еңбек жолы – адалдықтың, кәсібиліктің және Отан алдындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісі.

Ақбота САЖИНОВА,

Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ II курс