Болат Өтемұратов Қоры Жезқазғанда заманауи «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығын салды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Жезқазған қаласында жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының ресми ашылу рәсімі өтті. Бұл – өңір балаларына арналған заманауи білім беру және шығармашылық кеңістіктерінің бірі. Нысан Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен салынды.

Қаланың Батыс ауданында бой көтерген жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы Жезқазған жастарының қосымша білім алып, жан-жақты дамуына және бос уақытын тиімді өткізуіне арналған маңызды орталықтардың біріне айналмақ. Өндірістік тарихы бай қала үшін бұл жобаның маңызы ерекше. Себебі балалардың шығармашылық және зияткерлік дамуына арналған мұндай заманауи нысан Жезқазғанда соңғы 70 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет салынып отыр.

Құны 4 миллиард теңгені құрайтын жобаны Болат Өтемұратов Қоры жүзеге асырып, оны Жезқазған қаласына тарту ретінде табыстады. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Қорға алғыс білдіріп, жаңа нысанның қала үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

«Өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы өскелең ұрпаққа салынған инвестициямен тікелей байланысты. Жезқазған қаласындағы жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы – бұл жай ғана заманауи ғимарат емес, балалардың білім алып, өз қабілеттерін дамытып, технология, шығармашылық және спортпен лайықты жағдайда айналысуына мүмкіндік беретін кеңістік. Дәл осындай жобалар өскелең ұрпақтың өз болашағына деген сенімін қалыптастыратын орта құрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте атап өткендей, әрбір баланың әлеуетін дамыту – елдің стратегиялық басымдығы», – деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.

Жалпы аумағы 2 600 шаршы метрден асатын кешенде арт-студия, күйдіру бөлмесі бар қыш шеберханасы, ерте дамыту орталығы, жекпе-жек және хореография залдары, физика, математика, жаратылыстану және робототехника кабинеттері орналасқан STEM-аймақ, цифрлық өнер мен графикалық дизайн студиясы, фотостудия, музыка сыныптары, шахмат кабинеті және кең акт залы қарастырылған. «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында барлығы 14 оқу кабинеті, қызметкерлерге арналған жеке аймақтар, медициналық кабинет пен коворкинг кеңістіктері бар. Ғимарат бір уақытта 250 балаға дейін қабылдауға лайықталған. Үйірмелердегі сабақтар тегін әрі бірнеше ауысыммен өткізілетіндіктен, орталық күніне 600-ге дейін баланы қамти алады.

Аумағы 1,6 гектарды құрайтын кешенде спорт және ойын алаңдары мен абаттандырылған қоғамдық кеңістік қарастырылған. Ғимаратты жобалау барысында инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың кедергісіз келуіне барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ сенсорлық бөлме олардың дамуы мен бейімделуіне ықпал ететін маңызды орталықтардың біріне айналмақ.

«Білім беру саласын қолдау және балалар мен жастардың жан-жақты дамуына арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастыру – Қор қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Біз мұндай жобаларды елдің адам капиталына салынған ұзақ мерзімді инвестиция деп білеміз. Жезқазғандағы жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы өңір балаларының сапалы қосымша білім алып, шығармашылық әрі кәсіби тұрғыдан дамуына тың серпін береді деп сенемін», – деді Болат Өтемұратов Қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман.

Өңір үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына Ұлытау облысы мен Жезқазған қаласының басшылығы, Болат Өтемұратов Қоры мен «Верный Капитал» компаниялар тобының өкілдері, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, депутаттар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

«Жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс сапасына, заманауи шешімдерді енгізуге және балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән берілді. Біз үшін бизнестің табысы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, қоғамға тигізген нақты пайдасымен де өлшенеді. Сондықтан білім мен өскелең ұрпақтың дамуына бағытталған бастамаларды қолдау – біздің басты құндылықтарымыздың бірі. Жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы балалардың білім алып, шығармашылығын шыңдап, достық қарым-қатынас орнататын әрі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды орталыққа айналады деп сенемін», – деді «Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов.

Жезқазғандағы жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы Болат Өтемұратов Қоры жүзеге асырған ірі әлеуметтік жобалардың қатарын толықтырды. Қор 12 жыл ішінде еліміздің әр өңірінде маңызды нысандардың салынуына ұйытқы болды. Олардың қатарында Есік пен Қосшы қалаларындағы мектептер, Қызылордадағы жаңа әуежай және Қосшыдағы комьюнити-орталық бар. Бұл жобалардың барлығын біріктіретін ортақ мақсат – халықтың өмір сапасын жақсартып, өңірлердің тұрақты дамуына үлес қосу.

Анықтама:

Болат Өтемұратов Қоры 2014 жылы белгілі қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Болат Өтемұратовтың бастамасымен құрылған. Қор Қазақстандағы қайырымдылықтың жүйелі үлгілерінің бірін қалыптастырып, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, экология, инклюзия, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету, сондай-ақ заманауи әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастыру арқылы өңірлерді дамыту бағыттарындағы жобаларға 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.

Болат Өтемұратов Қорының баспасөз-қызметі: +7 701 683 23 83, Аида Баймакова, a.baimakova@utemuratovfund.org