Қаражал–Жәйрем өңіріндегі инвестициялық серпін: индустрия, қайта өңдеу және жаңа экономикалық мүмкіндік

Қаражал мен Жәйрем өңірі соңғы жылдары Ұлытау облысының индустриялық және инвестициялық даму картасындағы маңызды нүктелердің біріне айналып келеді. Әсіресе, тау-кен өндірісі, қайта өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен және инфрақұрылым салаларындағы жаңа жобалар өңір экономикасының құрылымын жаңғыртуға бағытталған.

Ұлытау облысы әкімдігі жариялаған мәліметтерге сәйкес, аймақта инвестициялық белсенділік айтарлықтай артқан. 2025 жылдың қорытындысында облысқа тартылған инвестиция көлемі 260 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,4%- ды құрады. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 1,7 есеге өсіп, 40,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл – өңірдің экономикалық әлеуетіне деген сенімнің күшейгенін көрсетеді.

Қаражал мен Жәйрем тарихи тұрғыдан тау-кен өндірісімен танылған өңірлер. Бүгінде бұл бағыт тек шикізат өндірумен шектелмей, терең қайта өңдеу мен индустриялық әртараптандыру кезеңіне өтуде. Соның нақты мысалы – Жәйрем кентінде жоспарланып отырған барит қалдықтарын өңдеу кешені.

Аталған жобаны Central Asia Mining Tech компаниясы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны – 1 млн АҚШ доллары. Қазіргі таңда 4 гектар жер учаскесін бөлу, экологиялық талаптарды келісу және рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жобаның ерекшелігі – өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы экологиялық жүктемені азайтып қана қоймай, жаңа экономикалық айналым қалыптастыруында. Жәйремдегі кен байыту өндірістерінен қалған барит қалдықтары қайта өңделіп, өнеркәсіпте қайта пайдаланылатын өнімге айналмақ. Мұндай тәсіл «жасыл экономика» қағидаттарына сәйкес келеді.

Өңірдің дамуына серпін беретін негізгі бастамалардың бірі – Сәтбаев индустриялық аймағы. Жалпы аумағы 12 гектарды құрайтын индустриялық аймақ болашақта 50 гектарға дейін кеңейтіледі. Бұл аймақта резеңке жабындылар өндіру, құрылыс материалдарын шығару, мойынтірек өндірісі, шыныпакет жасау, қоймалық логистикасы секілді өндірістерді іске қосуға қызығушылық білдірген инвесторлар бар.

Қазіргі уақытта аталған аймақта электр, су, жылу және кәріз желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта газбен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылуда. Бұл жобалардың Қаражал–Жәйрем өңіріне де жанама әсері зор. Себебі, өнеркәсіптік белсенділіктің артуы логистика, құрылыс, қызмет көрсету және шағын бизнес салаларының дамуына ықпал етеді.

Қаражал–Жәйрем аймағы тек өндірістік емес, аграрлық әлеуетімен де ерекшеленеді. Өңірде суармалы егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Жәйрем» СПК-нің 300 гектар аумақта мал азықтық дақылдар мен картоп өсіру жобасы да бар.

Жалпы, облыс көлемінде суармалы алқап жобасы, асыл тұқымды мал өсіру және бордақылау кешендері сияқты ірі агро жобалар да бар. Бұлардың бәрі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Бұл бастамалар ауылдық жерлерде тұрақты жұмыспен қамтуды арттырып, көші-қон деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын енгізу климаттық тәуекелдерді азайтуға көмектеседі.

Өңірдегі маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үй қорының тозуы. Облыс бойынша 457 тозығы жеткен және 63 апатты тұрғын үй анықталған. Оның ішінде Қаражал қаласында 7 апатты үй тіркелген. Осыған байланысты тұрғын үй қорын реновациялаудың бірыңғай бағдарламасы әзірленіп, мәслихат қарауына ұсынылды. Бұл бағдарлама ескі тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Осы жұмыстарды жүйелі жүргізу мақсатында Ұлытау облысы Қытай инвесторларымен байланысын күшейтіп келеді. 2026 жылы Сиань қаласында өткен форум аясында жалпы құны 12,5 млрд теңгені құрайтын алты меморандумға қол қойылды. Әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мен металлургиялық қалдықтарды қайта өңдеу бағытындағы жобалар Қаражал–Жәйрем өңірі үшін маңызды.

Сондай-ақ, Қытай компанияларының Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы тұрғын үйлерді реновациялау жобаларына қатысуы өңірге халықаралық тәжірибе мен жаңа технологиялардың келуіне жол ашады.

Сайып келгенде, Қаражал–Жәйрем өңірі Ұлытау облысының жаңа индустриялық тіректерінің біріне айналу мүмкіндігіне ие. Тау-кен өндірісінен бастап қайта өңдеу, агроөнеркәсіп, логистика және реновация салаларына дейінгі жобалар аймақ экономикасын кешенді дамытуға бағытталған.

Егер жоспарланған инвестициялық жобалар толық іске асса жаңа жұмыс орындары ашылады, өнеркәсіптік өндіріс көлемі артады, шағын және орта бизнес дамиды, өңірдің инфрақұрылымы жаңарады, халықтың өмір сүру сапасы жақсарады.

Бастысы – басталған жобалардың жүйелі жалғасуы, тиімді қаржыландырылуы және инвесторлар үшін тұрақты әрі ашық орта қалыптастыру. Осындай жағдайда Қаражал мен Жәйрем алдағы жылдары Ұлытау облысының экономикалық өсім драйверлерінің біріне айналуы әбден мүмкін.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ