15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету – басты назарда. Егер азамат 15 наурыз – дауыс беру күні тұрғылықты жерін ауыстырса немесе өз учаскесінде бола алмаса, ол есептен шығару куәлігін алу арқылы басқа учаскеде дауыс бере алады ма? Осы мәселе бойынша біз Қаражал қаласы бойынша референдум комиссиясының төрағасы Ерсін Нүркенмен сұхбаттасқан едік.
– Есептен шығару куәлігі дегеніміз не?
– Есептен шығару куәлігі – азаматқа өзінің тіркелген учаскесінен тыс жерде дауыс беруге мүмкіндік беретін құжат. Яғни, азамат тұратын жерін өзгерткен болса немесе басқа елді мекенде болатын жағдай туындаса, өзінің учаскелік комиссиясына жазбаша түрде өтініш жазып, оған комиссия есептен шығару куәлігін табыс етеді. Сол куәлік арқылы өзге учаскеде дауыс бере алады.
– Куәлікті қашан алуға болады?
– Есептен шығару куәлігі 27 ақпаннан бастап беріле бастады және 14 наурыз күні сағат 18:00-де тоқтатылады. Сондықтан азаматтар құжатты алдын ала алып қоюы қажет. Айта кетсек, шығару куәліктері учаскелерде жеткілікті мөлшерде бар.
– Дауыс беру кезінде қандай құжаттар ұсынылады?
– Азамат дауыс беру кезінде есептен шығару куәлігін және жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі тиіс. Жеке куәліктің электрондық нұсқасын да ұсынуға болады.
– Бұдан кейін қандай рәсімдер жүргізіледі?
– Учаскелік референдум комиссиясы азаматты республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізеді. Осыдан кейін оған дауыс беруге арналған бюллетень беріледі.
– Есептен шығару куәлігін бірнеше рет пайдалануға бола ма?
– Жоқ. Есептен шығару куәлігі бір рет қана пайдаланылады және азамат дауыс берген учаскеде қалады.
– Куәлік жоғалған жағдайда не істеу керек?
– Өкінішке қарай, жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді. Сонымен қатар, бұл куәлік бір елді мекеннің ішіндегі басқа учаскеде дауыс беру үшін берілмейді.
Сұхбаттасқан Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ.

