«№7 жалпы білім беретін мектебі» КММ жанындағы «Балдырған» шағын орталығында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ана – жарық күн» атты мерекелік іс-шара өткізілді.
Іс-шара барысында мектеп директоры Аманкүл Абдишева құттықтау сөз сөйлеп, аналардың бала тәрбиесіндегі орны ерекше екенін, олардың мейірімі мен қамқорлығы әрбір баланың бақытты болып өсуіне үлкен әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар ата-аналарға «Балдырған» шағын орталығының өміріне белсенді қатысып, әрдайым қолдау көрсетіп жүргендері үшін алғыс білдірді.
Көктемнің шуақты мерекесіне арналған бұл кеш мейірім мен қуанышқа толы ерекше сәттерге ұласты. Мереке барысында бүлдіршіндер аналар мен әжелеріне арнап ән айтып, жүрекжарды тақпақтарын оқып, әсем билерін тарту етті.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – қыздар мен әкелердің бірге орындаған әдемі биі болды. Әкелерімен бірге сахнада билеген кішкентай қыздардың қуанышы көрермендердің көңілін толқытып, ерекше әсер сыйлады.
Сондай-ақ аналар мен ұлдардың бірге орындаған биі де мерекенің көркін аша түсті. Ұлдарының қолынан ұстап билеген аналардың жүзіндегі қуаныш пен мақтаныш сезімі барша көрерменге жылы әсер қалдырды.
Мерекелік кеш барысында түрлі ойындар ұйымдастырылып, ата-аналар мен балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.
Мереке соңында аналарға балалардың өз қолымен жасаған сыйлықтары табысталды.
Нургуль КУРГАНБАЕВА,
«Балдырған» шағын орталығының әдіскері.

