Қаражалда дзюдодан дәстүрлі ХІХ ашық Республикалық турнир өтті

Қаражал қаласы дзюдо спортын дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жеткен өңірлердің бірі болып саналады. Мұнда жас спортшыларды тәрбиелеу мен олардың шеберлігін шыңдауға ерекше көңіл бөлінеді. Қаладағы «JUDO» спорт кешені жас дзюдошылар үшін сенімді база ретінде қызмет етеді. Әр жылы өткізілетін жарыстар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби дамуына ықпал етеді.

Дзюдодағы дәстүрлі турнирлер Қаражалдың спорттық өмірінің маңызды бөлігін құрап, қаланың спорттық имиджін көтереді. Мұнда өскелең ұрпақ тек техникалық шеберлікті ғана емес, тәртіп пен төзімділікті де бойына сіңіреді.

16–17 желтоқсанда Қаражал қаласындағы «JUDO» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған дзюдодан жасөспірімдер мен қыздар арасындағы дәстүрлі XIX ашық Республикалық турнир өтті.

Аталмыш турнирге Астана, Семей, Қостанай, Екібастұз қалаларының, сондай-ақ Қарағанды және Ұлытау облыстарының жас дзюдошылары қатысты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағын алу мүмкіндігіне ие болды.

Турнирдің шымылдығын Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов түріп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Шара барысында қатысушылар турнирдің бас төрешісі – халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Матышев пен ұлттық дәрежедегі төрешілермен таныстырылып, жарыстың әділ өтуіне ерекше назар аударылды.

Турнирдің финалдық сәттері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесінің рухымен ерекшеленді. Жас дзюдошылардың әрбір жеңісі – елдің азаттығы мен тәуелсіздігін бағалай білудің, батылдық пен ерліктің, күш пен жігердің көрінісі болды.

Бұл жарыс қатысушыларға тек спорттық шеберлікті шыңдауға ғана емес, сонымен бірге Отанға деген сүйіспеншілік, елдігімізді құрметтеу және тәуелсіздік рухын бойларына сіңіруге мүмкіндік берді. Қазақстанның жас спортшылары үшін бұл турнир – жаңа жеңістер мен болашақта еліміздің абыройын көтеруге бастар үлкен тәжірибе болды.

Турнир барысында астаналық 8-сынып оқушысы, спорт шеберлігіне үміткер Муслима Қуанышбекпен тілдескен едік.
– Бұл спортқа келгеніме шамамен 3 жыл болды. Осы уақыт аралығында талай жарысқа қатысып, тәжірибелі қарсыластармен белдестім. Әр турнир маған үлкен тәжірибе береді. Бұл жарыста да бар күшімді салып, финалға жолдама алдым. Жеңіске жетемін деген сенімдемін. Жетістігіме еңбегі сіңіп жүрген бапкерім — Марат Омаров. Ол – өз ісінің білікті маманы, әрдайым қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар береді. Барлық қарсыластарыма сәттілік тілеймін, әділ әрі тартысты бәсеке болады деп ойлаймын, – деді жас спортшы.

Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тартысты әрі әсерлі белдесулер көрсетті. Жас спортшылар шеберліктерін шыңдап, тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік алды. Турнир барысында әділ төрелік пен спорттық рух сақталып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Нәтижесінде спортшылар тартысты додада бақ сынап, орындарды жерлестеріміз келесідей бөлісті.
Ерлер арасында 38 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орынды Б. Төлеуғазы (Қаражал) иеленді.
42 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орынды Д. Раисов (Қаражал) алды.
66 кг салмақ дәрежесінде І орынды Н. Батырбек (Қаражал) иеленді.
73 кг салмақ дәрежесінде ІІ орынды Ж. Жандосұлы (Қаражал) иеленді.
57 кг салмақ дәрежесінде І орынды А. Жақсыбай (Жәйрем), ІІІ орынды А. Наукенова (Жәйрем) иеленді.
+63 кг салмақ дәрежесінде І орынды Е. Наукенова (Жәйрем), ІІ орынды Қ. Баянова (Қаражал) қанжығалады.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ