Жыл аяқталар тұста әр сала өз жетістіктерін саралап, қорытынды жасайды. Осындай игі дәстүрдің бір көрінісі ретінде Қаражал қаласында қала әкімінің дәстүрлі «Жігер» жастар сыйлығы салтанатты түрде табысталды. Қаражал қаласының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл тағылымды шара биыл да мазмұны мен маңызы жағынан жоғары деңгейде өтті.
Салтанатты кеш Қаражал қалалық мәдени-сауық орталығында өтіп, еңбек пен табыстың, арман мен мақсаттың тоғысқан шынайы рухани мерекесіне айналды. Кеш шымылдығын түрген «Шапағат» би ансамблінің «Рух» атты сахналық қойылымы көрермендерге ерекше серпін сыйлап, жастардың жігері мен ішкі қуатын айқын көрсетті.
Жеті жыл қатарынан үздіксіз өткізіліп келе жатқан «Жігер» жастар сыйлығы – өз саласында табандылық танытып, адал еңбегімен туған қаласының дамуына үлес қосып жүрген жастарды қолдауға бағытталған маңызды бастама. Биылғы байқауға 35 жасқа дейінгі 58 үміткер қатысып, арнайы комиссияның әділ әрі жан-жақты сараптамасының нәтижесінде 10 номинация бойынша үздіктер анықталды.
Жиын барысында Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов сөз сөйлеп, жеңімпаздарды шын жүректен құттықтады. Ол жастар – елдің ертеңі, ұлттың болашағы екенін атап өтіп, олардың жетістігі қала дамуының айқын дәлелі екенін жеткізді. Сондай-ақ, мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын айтты.
Кеш барысында қала дамуына әр салада сүбелі үлес қосып жүрген үздік жастар арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Білім саласының үздігі» аталымы – Аяулым Балғабаеваға, «Мектепке дейінгі білім берудің үздігі» – Гүлмира Ахметжанға, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» – Марта Барлыбаеваға табысталды.
Қоғам тыныштығы мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерен еңбегі үшін «Үздік халық қорғаны» номинациясына Батырхан Төлеубай лайық деп танылды. Іскерлігі мен бастамашылдығы арқылы өңір экономикасының дамуына үлес қосып жүрген «Үздік кәсіпкер» – Айым Елубаева болды.
Өнер мен мәдениет саласын да өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген «Өнер үздігі» атағы Айбек Болатовқа берілсе, спорттағы табандылығы мен жетістіктері үшін «Үздік спортшы» аталымын Ұлықпан Сапарбек иеленді.
Еңбек адамына көрсетілген құрмет ретінде «Үздік жұмысшы маман» – Бұланбай Жұмаділдәға, ал жауапты қызметі мен адал еңбегі үшін «Бюджеттік ұйымның үздігі» – Айткүл Сейсембаеваға табысталды. Кештің ең жоғарғы марапаты – «Жыл көшбасшысы» атағы белсенділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Жанерке Дәулетбаеваға бұйырды.
Шара соңында барлық марапат иелері қала әкімімен бірге естелік суретке түсіп, бұл мерейлі сәт Қаражал қаласының шежірелі тарихында жарқын бет болып қалды.
«Жігер» жастар сыйлығы – ел сенімінің, қажырлы еңбектің және биік мақсаттарға жетелейтін жарқын болашақтың символы. Жігерлі жастары бар Қаражалдың болашағы жарқын екені анық.
Қаражал – әрдайым биікке ұмтылатын қала, мұнда армандар шындыққа айналады, ал таланты мен еңбегімен ерекшеленген жастар елге үлгі болып өседі. Біздің қала – үміттің, жігердің және жаңашылдықтың ордасы. Әрбір жетістік – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, ал әрбір жас қадам – болашаққа жасалған сенімді қадам!
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
