«Қазыналы өңір» газетін мен алғашында сырттай ғана білетінмін. Ол кезде басылымның орыс тіліндегі материалы басымдау, мазмұны да ресми қалыптан аса қоймайтын сияқты көрінетін. Дегенмен, уақыт өте келе газет өз жолын, өз мінезін таба бастады. Бұл өзгерістің бастауында, сөз жоқ, редакция тізгінін қолына алған Ахат Құрмансейітовтың еңбегі тұрды. Оның келуімен басылымның мазмұны жаңарып, көтерілер тақырыптар ұлттық болмысқа, жергілікті жұрттың жанайқайына жақындай түсті. Газетке қазақы реңк ене бастады.
Ал «Қазыналы өңірдің» шын мәніндегі беделі артқан, оқырман алдындағы бәсі өскен кезеңі – қаламы қарымды журналист Ерсін Мұсабеков редактор болған уақыт деп білемін. Сол жылдары басылымның тілі ширап, ойы салмақтанып, өңірлік газетке тән биіктікке көтерілді.
2020-жылдардың басындаелімізде аудандық, қалалық газеттерді бәсекелестік ортаға бейімдеу, яғни, жекешелендіру мәселесі күн тәртібіне шықты. Араға екі-үш жыл салып, бұл бастама нақты іске айналды. Барлық аудандық, қалалық газеттер жеке құрылтайшылардың қарауына өтті. Осы тұста Ахат Құрмансейітұлы «Қазыналы өңір» газетін өз меншігіне сатып алып, басылымның тағдырына толық жауапкершілік алды. Бұл – газет тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы еді.
Дәл сол уақытта мен де осы редакцияның табалдырығын аттадым. Содан бері аз ғана жыл өтсе де, «Қазыналы өңірдің» уақытпен үндесіп, заман талабына сай жаңарып келе жатқанын анық аңғаруға болады. Бүгінде басылым өңір тарихын тереңнен қозғап, оқырманды толғандырған өзекті мәселелерді батыл көтеріп, Қаражал мен Жәйремнің тыныс-тіршілігін елге жүйелі түрде жеткізіп отырған бірегей газетке айналды.
Редакцияның тілшілер қосыны жастардан құралды. Соған қарамастан, олардың әрқайсысы өз бағытын тауып, өңір шежіресін жазуға лайықты үлес қосып келеді. Жәйремнің тыныс-тіршілігін үзбей жазып жүрген Гаухар Наурызбаеваның еңбегін ерекше атап өткен орынды. Оның мақалалары кент өмірінің айнасы іспетті. Ал жас әріптестерім Жазира мен Мөлдір Қаражалдың әлеуметтік-экономикалық ахуалын, мәдени өмірін кеңінен қамтып, оқырманға шынайы жеткізу жолында тынбай еңбек етіп жүр
Осындай әр алуан мінезді, әр бағытта жазатын журналистерді бір мақсатқа ұйыстырып, әр нөмірдің мазмұнын алдын ала жоспарлап, басылымның шырайын келтіріп отырған бас редактор Әсел мен техникалық редактор Айгүлдің еңбегі де айрықша. Ұжымдағы ұйымшылдық пен шығармашылық тәртіп – олардың көрегендігінің нәтижесі.
Қазіргі ақпарат айдынында газет шығару оңай шаруа емес. Қаржыландыру, материалдық-техникалық база, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы – бәрі де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл тұрғыда газет құрылтайшысы Жалғасқан Құрмансейітовтың еңбегі зор. Ол редакцияның материалдық-техникалық мүмкіндігін нығайтуға, басылымның тұрақты шығуына, тілшілердің айлығының уақытылы төленуіне барынша жағдай жасап келеді.
Редакцияға келгеніме небәрі үш-төрт жыл ғана болса да, мен бұл ұжыммен біте қайнасып кеттім. Мұның сыры – мұндағы әріптестер арасындағы өзара сенім мен сыйластықта деп білемін. Бұл – кез келген шығармашылық ұжым үшін ең басты құндылық.
25 жылдық тарихы бар «Қазыналы өңір» газетінің соңғы бес жылы Жаңа Қазақстанның бір бөлшегі саналатын Қаражал мен Жәйрем өңірінің шежіресін жаңаша леппен жазумен ерекшеленіп келеді. Алдағы уақытта да басылым биік белестерді бағындырып, оқырманның сүйікті газетіне айнала беретініне сенім мол.
«Қазыналы өңірге» шығармашылық табыс, ұжымына толағай жетістік тілеймін!
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
