Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет институтының басты міндеті – азаматтарға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және қоғам сенімін нығайту болып табылады. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда адалдық, әділдік, жауапкершілік және қызметтік этиканы сақтау қағидаттары айрықша мәнге ие.
Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Оның әрбір шешімі мен іс-әрекеті халықтың билікке деген көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің адалдығы мен кәсібилігі қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі болып саналады.
Адал мемлекеттік қызметші – өз ісіне берілген, жеке пайдасын емес, ел игілігін ойлайтын тұлға. Ол шешім қабылдауда әділдік пен заңдылықты басшылыққа алады, азаматтардың сенімін ақтауға тырысады. Халық даналығында: «Адалдық — адамдықтың айнасы», «Адал адам арымас, арам адам жарымас» деген сөздер бар. Бұл нақылдар кез келген қызметкердің ұстанымы болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы заңында мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары мен этикалық нормалары нақты айқындалған. Бұл нормалар мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз етіп, адалдық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің этикалық мінез-құлқын нығайту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және адал еңбек ету мәдениетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Мемлекеттік қызметтегі адалдық тек кәсіби талап емес, бұл – азаматтық борыш. Әрбір мемлекеттік қызметші өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ел мүддесіне қызмет етуді басты мақсат етуі тиіс. Себебі қоғамның дамуы мен мемлекеттің беделі дәл осы адал және әділ қызметшілердің еңбегіне тікелей байланысты.
Қорытындылай келе, адал мемлекеттік қызметші – тиімді мемлекеттік басқарудың тірегі, халық пен билік арасындағы сенім көпірі. Әрбір қызметкердің адал еңбегі мен әділ шешімі еліміздің болашағын айқындайды. Сондықтан мемлекеттік қызмет жүйесінде адалдық қағидатын сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Адалдық – ұлттың рухани тірегі, мемлекеттің мызғымас негізі.
