Енді автокөлік жүргізушілеріне техникалық байқаудан өту үшін үлкен қалаларға сабылудың қажеті жоқ. Жәйрем кентінде көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізуге арналған жаңа нысан ашылды. Бұл – өңір тұрғындары үшін көптен күткен игі бастама.
Ашылу салтанатына кент әкімі Қайрат Жансағымов, Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Марлан Шамбулов, жергілікті қауымдастық төрағасы Асқарәлі Омаров, ауыл ақсақалдары және автокөлік сүйер жандар қатысты. Жаңа пункт барлық талаптарға сай жабдықталған және тәулігіне 25 көлікке дейін қызмет көрсетуге қауқарлы.
Қараша айының басынан бастап бұл техникалық байқау нүктесі «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ автопаркіне қызмет көрсетуде. Бұл – өндіріс үшін де, жеке көлік иелері үшін де үлкен жеңілдік.
Нысанның иесі – Жәйрем кентінің тумасы, техникалық байқау «Караганда Диагностика» ЖШС филиалының басшысы, сондай-ақ, «Өмір заң» заң компаниясының негізін қалаушы Өмір Нұғыманов. Кәсіпкердің айтуынша, бұл бастама – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған үлес.
– Мен өзім осы өңірдің тумасымын. Жәйрем мен Қаражалдағы ағайынның техникалық байқау үшін Қарағандыға немесе басқа қалаларға барып, уақытын жоғалтып жүргенін көріп жүрдім. Сол себепті осы пунктті ашу туралы шешім қабылдадым. Барлық жабдықтар заманауи талаптарға сай. Қызмет сапасы жоғары, бағасы қолжетімді. Басты мақсатым – халыққа қолайлы жағдай жасау. Сонымен қатар, бұл нысан жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканы дамытуға септігін тигізеді, – дейді кәсіпкер.
Теректі ШАҒАТАЙ.
