Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру – ұлттық экономиканың тұрақты дамуы мен қоғамның әлеуметтік ілгерілеуін қамтамасыз ететін стратегиялық міндет. Өндірістік салалардағы білікті кадрлар тек экономикалық өсімнің ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтық келісімнің негізгі тірегіне айналады.
Құрылысшы, кенші, металлург, механизатор секілді кәсіп иелерінің қажырлы еңбегі – мемлекеттің индустриялық-инновациялық бағытын жүзеге асырудағы шешуші фактор. Олардың кәсіби шеберлігі мен табандылығы елдің инфрақұрылымын дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді.
Жұмысшы мамандықтарына жастардың қызығушылығын арттыру, дуалды оқыту жүйесін кеңейту, кәсіптік білім беруді жаңғырту – мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі. Бұл тек еңбек нарығының сұранысына жауап беретін кадрларды даярлаумен шектелмей, кәсіби мәдениетті қалыптастыруға және еңбекке құрмет сезімін нығайтуға қызмет етеді.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» – әрбір еңбектің қадірін айқындайтын, қоғамдағы кәсіби беделді арттыратын және әділетті қоғам құру жолындағы негізгі қадамдардың бірі болып табылады.
Жуманбаева Мереке Рахимбаевна
Қаражал қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы