Жолдаудың негізгі бағыттары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады. Аталған Жолдау – еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын, қоғам мен мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттерді саралайтын стратегиялық құжат. Онда Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі басымдықтары, экономикалық әлеуетін арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту және елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайту мәселелері кеңінен қамтылған.
Осыған орай, ағымдағы аптада Қаражал қаласында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген басым бағыттарды кеңінен түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиынның басты мақсаты – Жолдауда көтерілген өзекті мәселелердің мән-маңызын ашып көрсету, стратегиялық міндеттердің мазмұнын халыққа жеткізу және оларды жүзеге асыру жолдарын талқылау.
Маңызды басқосуға қаладағы мекемелер мен ұйымдардың басшылары қатысып, Республикалық ақпараттық топтың мүшесі, заң ғылымдарының магистрі Руслан Тоқатов арнайы шақырылған спикер ретінде сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында Президент Жолдауында айқындалған негізгі бағыттарға жан-жақты тоқталып, алдағы кезеңде атқарылуы тиіс міндеттер мен реформалардың маңызын түсіндірді.
Спикер ең алдымен Жолдаудың еліміздің жаңа даму кезеңіндегі стратегиялық маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық қуатын арттыру, заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру, технологиялық дамуға серпін беру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бағыттарын басты міндеттер ретінде белгілегені атап өтілді.
Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, отандық өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл ретте инвестиция тарту тетіктерін жетілдіру, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау және жаңа жұмыс орындарын ашу ел экономикасының тұрақты өсуіне ықпал ететін маңызды факторлар екені түсіндірілді.
Жолдауда көтерілген маңызды бағыттардың бірі – инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту. Осы орайда автомобиль және теміржолдарды, инженерлік желілерді, энергетикалық нысандарды, әлеуметтік маңызы бар ғимараттарды салу мен жаңарту мәселелері сөз болды.
Сондай-ақ, 2027 жылды ауқымды құрылыс жылы ретінде өткізу жөніндегі бастаманың маңызына тоқталып, мұндай жобалардың өңірлердің дамуына, халықты жұмыспен қамтуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға оң ықпал ететіні айтылды.
Бұдан бөлек, Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, халықаралық транзиттік бағыттарды дамыту мәселелері де назардан тыс қалмады. Географиялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы экономикалық байланыстарды кеңейту мен отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігі атап өтілді.
Кездесу барысында цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамыту тақырыбына да ерекше мән берілді. Қазіргі заман талабына сай цифрлық экономиканы қалыптастыру, мемлекеттік қызметтерді жетілдіру, өндіріс пен ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу – елдің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі екені түсіндірілді. Сонымен қатар, ғылымды, білімді және инновацияны дамыту арқылы адами капиталдың сапасын арттырудың маңыздылығы сөз болды.
Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, жаңа энергетикалық қуаттарды қалыптастыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау мәселелері де Жолдаудың маңызды бағыттары ретінде қарастырылды. Әсіресе, су тапшылығының алдын алу, су үнемдеу технологияларын енгізу және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану алдағы кезеңдегі өзекті міндеттердің қатарында екені атап өтілді.
Әлеуметтік салаға қатысты мәселелерге де басымдық берілді. Халықтың табысын арттыру, сапалы білім мен медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы міндеттер кеңінен түсіндірілді. Мемлекеттің басты мақсаты экономикалық көрсеткіштерді арттырумен ғана шектелмей, оның игілігін әрбір азаматтың сезінуіне жағдай жасау екені айтылды.
Руслан Алтайұлы өз сөзінде Жолдауда айқындалған міндеттерді орындау тек орталық мемлекеттік органдардың ғана емес, жергілікті атқарушы құрылымдар мен әрбір мекеме-ұйымның да ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Себебі, ел көлемінде белгіленген стратегиялық мақсаттардың нақты нәтижесі ең алдымен өңірлерде атқарылатын жұмыстардың сапасына, жауапты мекемелердің үйлесімді қызметіне және азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты.
Басқосу барысында қатысушыларға Жолдауда қамтылған негізгі мәселелер бойынша ақпарат беріліп, тақырып аясында пікір алмасуға мүмкіндік жасалды. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, Жолдауда көтерілген мәселелер бойынша пікірлерін білдіріп, өзара тәжірибе алмасты. Ашық форматта өткен әңгімелесу кездесудің мазмұнын тереңдете түсіп, өзекті тақырыптарды жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулерінің маңызы зор. Өйткені, Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндеттерді халық арасында кеңінен насихаттау, олардың мәні мен мазмұнын түсіндіру – ортақ мақсатқа жұмылудың маңызды тетігі. Әсіресе, жергілікті деңгейде нақты жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру, әрбір бастаманың орындалуына жауапкершілікпен қарау және белгіленген міндеттердің нәтижелі жүзеге асуына ықпал ету айрықша мәнге ие.
Жалпы, Қаражал қаласында өткен бұл кездесу қатысушыларға Президент Жолдауында белгіленген басымдықтарды тереңірек түсінуге, алдағы міндеттерді саралауға және ел дамуына қатысты өзекті мәселелер бойынша ортақ көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Елдің ертеңі – бүгінгі нақты іс пен жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сондықтан, Жолдауда айқындалған міндеттерді сапалы жүзеге асыру, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайту, азаматтық жауапкершілікті арттыру және өңірлердің дамуына үлес қосу – баршамызға ортақ міндет.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ