17.11.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТТҰРҒЫНДАРМЕН ЖЕКЕ КЕЗДЕСУЛЕР ЖАЛҒАСУДА17.11.2026
Ақпарат ағыны

Жаңа кезеңге – бірлік пен жасампаздық жолымен  

17.11.2026 · 12:25 · admin

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазанда «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Президентіміздің биылғы Жолдауы еліміздің алдағы даму бағытын айқындап, қоғам алдына маңызды міндеттер қойып отыр.

Президент елдің тұрақты дамуының басты негізі ретінде бірлік пен қоғамдық келісімнің маңыздылығына ерекше тоқталды. Шын мәнінде, мемлекетіміздің басты байлығы – татулығы жарасқан халқы, берекелі бірлігі мен ортақ мақсат жолында жұмыла білетін азаматтары. Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сенім – кез келген реформаның табысты жүзеге асуының негізгі кепілі.

Ішкі саясат саласы үшін Жолдауда көтерілген міндеттердің маңызы ерекше. Себебі, қоғамның рухани тұтастығын сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, азаматтық жауапкершілікті арттыру, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру – күнделікті атқарылатын жұмыстың маңызды бағыттары.

Мемлекет басшысының «Адал азамат» идеологиясын қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру жөніндегі бастамасын ерекше атап өткім келеді. Адалдық, әділдік, заңға құрмет, жауапкершілік пен еңбекқорлық – дамыған қоғамның берік іргетасы. Бұл құндылықтар әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналғанда ғана біз көздеген биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында мәдениет, білім және спорт нысандарын дамытуға басымдық берілетінін атап өтті. Бұл қалалардың қауіпсіз, жайлы әрі көрікті болуына, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам деп санаймын. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мәні де осында. Туған жерге жанашырлық таныту, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау – баршамызға ортақ міндет.

Жолдауда айтылған бастамалар Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі даму мүмкіндіктерін кеңейтіп, болашаққа деген сенімді нығайта түседі. Ең бастысы, ортақ мақсатымыз – бірлігі бекем, рухы биік, мәдениеті өркендеген, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру.

Манара ЖЕТИМЕКОВА,

«Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ басшысы.