Жезқазған мен Қарағандыны жалғайтын автомобиль жолының жайы жылдар бойы тұрғындарды толғандырған мәселелердің бірі болды. Бұл бағытпен қатынайтын жүргізушілер де, кәсіпкерлер де, қарапайым жолаушылар да жолдың сапасын жақсарту мәселесін сан мәрте көтерді. Ұлытаудың ел болып қалыптасқаннан бергі ең өзекті инфрақұрылымдық түйткілдерінің бірі саналатын бұл мәселе енді нақты шешімін тауып, ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары басталды.
«Жезқазған – Қарағанды» республикалық автомобиль жолын қайта жаңғырту жобасы – жай ғана жол құрылысы емес. Бұл – Ұлытау облысының экономикалық, әлеуметтік және логистикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық бастама. Жобаның іске асуы өңірдің ішкі ғана емес, республикалық көлік дәлізіндегі маңызын арттырып, тұрғындардың өмір сапасына тікелей ықпал етеді..
Дайындық жұмыстары қалай жүруде? Қайта жаңғырту жобасының жалпы ұзындығы 457 шақырымды құрайды. Жол II техникалық санат бойынша салынып, халықаралық талаптарға сәйкес жүзеге асырылуда.
Жобаның Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арқылы қаржыландырылуы құрылыс сапасына қойылатын талаптың жоғары екенін көрсетеді. Жол құрылысы төрт лотқа бөлініп жүзеге асырылуда. Әр учаскеде құрылысқа дейінгі дайындық кезеңі қызу жүріп жатыр.
Вахталық қалашықтар салынуда, өндірістік базалар әзірленуде, топырақ карьерлері игеріліп, геодезиялық өлшеулер, инженерлік-геологиялық зерттеулер мен бұрғылау жұмыстары қатар жүргізілуде. Бүгінде құрылыс алаңдарында 126 бірлік техника мен 136 маман еңбек етуде. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта кезең-кезеңімен ұлғайтылып, құрылыс қарқыны күшейтіледі.
Жобаның басым бөлігі – 355 шақырымы Ұлытау облысының аумағына тиесілі. Бұл облыс үшін жолдың стратегиялық маңызын одан әрі арттыра түседі. 783– 905 шақырым аралығын қамтитын бірінші лотта жолдың геодезиялық белгілеуі, инженерлік-геологиялық зерттеулер және құнарлы топырақ қабатын алу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 30 маман мен 22 техника жұмылдырылып, жол осінің алғашқы 21 шақырымы белгіленді. 683–783 шақырым аралығындағы екінші лотта жер төсемін дайындау, топырақты нығыздау және геодезиялық жұмыстар атқарылуда.
Бұл учаскеде 43 маман мен 32 техника жұмыс істеп жатыр. Ал үшінші лотта өндірістік базалар дайындалып, карьерлердегі аршу, бұрғылау және зерттеу жұмыстары қатар жүргізілуде. Бұл аумақта геодезиялық белгілеу жұмыстарының өзі 50 шақырымға дейін орындалған.
Мұнда 42 техника мен 33 маман еңбек етуде. Төртінші лотта да өндірістік базаларды дайындау, карьерлерді игеру, құрылыс техникасын орналастыру және инженерлік дайындық қатар атқарылып жатыр.
Сырт көзге бұл жұмыстар бастапқы дайындық кезеңі болып көрінуі мүмкін. Алайда дәл осы кезең болашақ жолдың ұзақ жылдар бойы сапалы қызмет етуінің негізін қалайды. Геологиялық зерттеу, инженерлік есептеулер мен жер негізін дұрыс дайындау – халықаралық стандарттағы автомобиль жолының басты талаптарының бірі.
Бақылау қалай жүзеге асуда? Сонымен, сең қозғалды. Күрежолдың бойында қазір қызу еңбек.
Өңір үшін стратегиялық бастама саналатын бұл жобаның іске асырылу барысын облыс басшылығы тұрақты бақылауында ұстап отыр. Жуырда облыс әкімі Есет Байкен жұмыс сапарымен Жаңаарқа ауданына барып, жол құрылысына дайындық жұмыстарымен арнайы танысты. Бұл сапардың ерекшелігі – құрылыс барысын тек есеп жүзінде емес, нақты құрылыс алаңында бағалауында.
Өңір басшысы мобилизациялық дайындық деңгейін, құрылыс техникасының жеткізілуін, мердігер ұйымдардың ұйымдастыру жұмыстарын және жол-құрылыс маусымына әзірлікті жан-жақты зерделеді. Ірі инфрақұрылымдық жобалардың табысты жүзеге асуы ең алдымен дайындық кезеңінің сапасына байланысты. Құрылыс техникасын уақытылы жеткізу, қажетті материал қорын қалыптастыру, жұмыс күшін ұйымдастыру және өндірістік базаларды әзірлеу – болашақтағы жұмыстың қарқыны мен сапасын анықтайтын негізгі факторлар.
Сондықтан мобилизациялық кезеңге ерекше көңіл бөлінуі – жобаны мерзімінде әрі сапалы аяқтауға бағытталған маңызды қадам. Жұмыс сапары барысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ұлытау облыстық филиалының директоры Мерей Шахарбаев республикалық маңызы бар жолдардағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Онда жолдарды қайта жаңарту, орташа жөндеу және күтіп-ұстау бағытындағы жобалардың кезеңдері таныстырылып, олардың орындалу барысына жанжақты тоқталды.
Бұл – өңірдегі жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының кешенді сипат алып отырғанын көрсетеді. Өйткені жаңа жол салумен қатар қолданыстағы жолдарды күтіп-ұстау мен жөндеу де көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады. Сапар қорытындысында облыс әкімі Есет Байкен мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев мердігер ұйымдардың қатысуымен арнайы кеңес өткізді.
Кеңесте құрылыс қарқынын сақтау ғана емес, ең алдымен сапаны қамтамасыз ету мәселесіне басымдық берілді. Себебі бүгін салынған жол ондаған жыл бойы халық игілігіне қызмет етуі тиіс.
Жолдың өңірлік дамуға әсері қаншалықты? Қазіргі экономика жағдайында көлік инфрақұрылымы кез келген өңірдің даму қарқынын айқындайтын негізгі факторлардың бірі саналады. Сапалы жол – тек қатынас құралы емес, инвестиция тартудың, өндірісті дамытудың және логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтудің маңызды алғышарты.
Ұлытау облысы – еліміздің ірі тау-кен өндірісі шоғырланған өңірлерінің бірі. Сондықтан өндірілген өнімді республика аумағына және экспорттық нарықтарға уақтылы жеткізу үшін сенімді көлік дәлізі қажет. «Жезқазған – Қарағанды» жолының жаңаруы жүк тасымалының уақытын қысқартып, логистикалық шығындарды азайтады.
Бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, өңір кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Жаңа жолдың тағы бір маңызды артықшылығы – инвестициялық тартымдылықтың артуы. Инвесторлар ең алдымен дамыған инженерлік және көлік инфрақұрылымына назар аударады.
Халықаралық талаптарға сай салынатын жол жаңа өндіріс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына қолайлы жағдай қалыптастырады. Сонымен қатар Қарағанды – еліміздің ірі өнеркәсіптік, білім беру және логистикалық орталығы. Осы бағыттағы сапалы жол Ұлытау облысының Астана, Павлодар, Қостанай және басқа да өңірлермен байланысын күшейтіп, республикалық көлік дәліздеріне тиімді қосылуына мүмкіндік береді.
Бұл ішкі туризмнің дамуына, қызмет көрсету саласының кеңеюіне, шағын және орта бизнестің белсенділігінің артуына да оң әсер етеді. Жол бойындағы сервистік нысандардың көбеюі де өңір экономикасына қосымша серпін береді. Түптеп келгенде, «Жезқазған – Қарағанды» автомобиль жолының қайта жаңғыртылуы көлік инфрақұрылымын жаңарту ғана емес.
Бұл – Ұлытау облысының ұзақмерзімді экономикалық өсіміне негіз қалайтын, инвестициялық тартымдылығын арттыратын, өңіраралық байланысты нығайтатын және тұрғындардың өмір сапасын жақсартатын стратегиялық жоба. Жол – екі нүктені жалғайтын ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге бастайтын күретамыр. Сондықтан осы магистральдың жаңаруы Ұлытаудың ғана емес, тұтас Орталық Қазақстанның даму көкжиегін кеңейтетін маңызды инфрақұрылымдық бастама ретінде бағалануға толық негіз бар.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

