Жезқазған қаласында теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда

Жезқазған қаласында теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба аясында жалпы ауданы 2 539,3 шаршы метрді құрайтын вокзал ғимараты толық реконструкциядан өтуде.

Жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан Теміржолы» ҰК» АҚ, ал мердігер ұйым – «BCN Group» ЖШС.

Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін теміржол вокзалының өткізу қабілеті тәулігіне 933 жолаушыға дейін артады. Бұл тұрғындар мен қала қонақтарына көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жоба аясында вокзал маңындағы аумақты кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер аймақтарын реттеу, аумақты көгалдандыру және сыртқы инфрақұрылымды жаңарту көзделген.

Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жобаны 2026 жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған.